ДУМАНҒА БӨЛЕП ДАЛАНЫ мерейтойы өтті қаланың

Сонау, 1963 жылдың 8 қаңтарында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Қаражал қаласын құру туралы» Жарлығы шыққан еді. Сайын даланың төскейінде алып өндіріс бой көтеріп, Қаражал қаласының іргесі қаланды. Содан бері де міне, 60 жылдың жүзі болыпты…

Қойнауы қазынаға толы өңірден Менделеев кестесіндегі элементтердің сан түрі табылып, осынша уақыт бойы ел игілігіне жұмсалып келеді. Кешегі кеңестік дәуірде атағы дүркіреп, өрлеудің шыңына жетті. Тоқырау жылдарындағы біраз ауыртпалықты бастан өткерді. Бірақ келешегін осы жермен байланыстырған, ертеңгі жарқын күнге сенім артқан халықтың сағы сынбады, қайраты қайтпады. Туған жерді түлетуге бар күшін салып, қажырлы еңбек етті. Сенім ақталды, қала қайта жаңғырды. Бүгінгі той – соның айғағы…

Даланы думанға бөлеген қаланың 60 жылдық тойы шаһардан алты шақырым жерде, елуге жуық ақшаңқан киіз үйлер тігілген тойлы ауылда басталды. Мерейтойға дайындықтың үлкен ыждаһаттылықпен жүргізілгені той ауылына кіре берістен-ақ айқын аңғарылады. Күрежолдан киіз үйлі ауылға дейінгі аралыққа ұсақ қиыршықтас төселіп, тапталып, арнайы жол салынған. Ауыл арасында да осындай аяқжолдар жұрттың белуардан шаң кешпей, еркін жүріп-тұруларына ыңғалы-ақ. Бір-біріне қарама-қарсы тігілген киіз үйлер даланың сәнін келтіре түскен. Төрде үлкен сахна жабдықталыпты. Сахнаның екі қапталына бүгінгі тойдағы додаларға тігілген бәйгелердің жүлдесі – автокөліктер мен мотоциклдер қойылған.

– Мына киіз үйлер, анау жолдар тіпті мына бәйгелердің жүлдесінің бәріне бюджеттен бір тиын шыққан жоқ. Бәрі комбинаттың көмегі десем ешкім сенбес еді. Шынымен де солай. Жолға төселген қиыршық тастарды карьерден тегін төктірдім. Комбинат басшыларымен келісіп, қаланың, елдің мерейі үшін деп жүлдеге деген көліктерді алдырттым. Біраз тер төгілді. Есесіне той есте қаларлықтай өтеді деп ойлаймын, – дейді Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт ағынан жарылып.

Расында да бұл той ерекше той. Тәуелсіздік жылдарынан бергі қала тарихындағы тұңғыш рет өтіп отырған той бұл. Оған алыс-жақынан қадірлі меймандар шақырылды.

САЛТАНАТТЫ ЖИЫН

Сонымен, ел асыға күткен той қызығы да басталды. Әуелі жергілікті өнерпаздар жұртшылықтың назарына қазыналы өңірдің тарихынан сыр шертер шағын театрландырылған көрініс ұсынды. Бұдан соң сахнаға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, Парламент Сенаты кеңесінің мүшесі Серік Ақылбай,Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев шығып, жұртшылықты мерейтоймен құттықтады.

– Кейінгі он жылдықтың көлемінде қазыналы өлкенің екінші тынысы ашылғандай. Қалада әлеуметтік нысандар бой көтеріп, республикалық маңызы бар Қаражал-Жәйрем, Қаражал-Жаңаарқа автомобиль жолдары, облыстық маңызы бар Қаражал-Атасу тас жолы қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, қалаішілік жолдардың жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, биыл Қаражал қаласының 19 көшесінің, Жәйрем кентінің 13 көшесінің автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстары қолға алынды, – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Аймақ басшысы өз кезегінде қаланың өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзінің сүбелі үлесін қосқан бір топ қаражалдықтарды облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатта сондай-ақ, Ерболат Сатыбалдин мен Серік Ақылбай өздерінің ақжарма тілектерін жеткізсе, қала әкімі Тілектес Досаев жерлестерін мерейтоймен құттықтап, бір топ азаматтарды марапаттады. Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің, Жезқазған қаласындағы «Қарақат» студиясының өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, той сәнін келтіре түсті. Қонақтардың құрметіне 50 киіз үй тігіліп, дәм ұсынылды.

Жалпы, той шаралары үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлімде қала халқы мен қонақтарына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылса, екінші бөлім – ұлттық спорт алаңында өтті. Ал үшінші бөлімде – қаланың орталық алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерт өтіп, мерейтой отшашумен түйінделді.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ОЙЫНДАРЫ 

Қазақтың қай тойы ұлттық спорт ойындарысыз өтіп еді. Қаражалдың 60 жылдығында да ұлттық спортқа кеңінен орын берілді. Әсіресе, ат спорты тойдың мерейін үстем етті. Еліміздің әр аймағынан ұлттық спорттың «мен» деген мықтылары бұл күні Қаражалда кездесті.

Ұлттық спорт ойындарының шымылдығы көкпармен түрілді. Әрісі Тараздан, берісі Жаңаарқа өңірінен келген көкпаршылар екі күн бойы Қаражалдың баурайын дүбірге бөледі. Ел әсіресе, бүгінде атағы жер жарып тұрған «Әулие Ата» командасының ойынын тамашалауға ағылды. Олар да көрермендерін жерге қаратпады. Шабандоздар даланың шаңын аспанға көтеріп, көмбеге салым салып жатты.

Бір қуаныштысы Қаражал қаласының өзінде көкпар ойыны тәп-тәуір жолға қойылыпты. Өңірдің өз командасы да жасақталған. Әрине, бұл жолы олар той өздерінікі болған соң қонақжайлылық танытып жүрді. Есесіне Жаңаарқа ауданың «Ақтау», «Ақтау жастары», «Ақтүбек» ауылдарының көкпаршылары жақсы ойын көрсетіп бақты.

Ұлттық ат спорты ойындарының көрігін теңге алу, қыз қуу сайыстары да сәтті қыздырды. Қыз қууда бұрымдыға жете алмай, есесіне жауырынында қамшы ойнаған жігіттер де болды. Ал теңге алуда епті жігіттер көрермендерді тәнті ететін өнер көрсетті. Жарыс нәтижесінде Ернат Мәлімбай 1-орынды қанжығасына байласа, Нұрәлі Бақтыбай 2-орынға табан тіреді. Ал, Ақылбек Қымызбеков 3-орынды місе тұтты. Білекті де, жүректі жігіттердің ат үстіндегі аударыспағы да тартысты өтіп, жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Ат спортына деп жабдықталған алаңда осындай тартысты да, қызықты бәсекелестік болып жатқанда тойлы ауылдың іргесіндегі балуандарға арналған алаңда алыс-жақыннан келген белді жігіттетер қалы кілемнің шаңын қақты. Алыс-жақын деп бөліп-жарып отырғанымыз да тегін емес. Алпыс жылдық тойына отшашумен түйінделді.
әрісі Абай облысынан, берісі Павлодар мен Қарағанды облыстарынан, Астана қаласынан балуандар келіп бақтарын сынады. Жарыстың қорытындысында қаражалдық балуандар намысты қолдан бермеді. Дзюдошылар мекені саналатын Қаражал қаласының атына кір келтіруді өздеріне кешірілмес күнә көрді. Сөйтіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, дзюдодан Азия кубогының иегері Ержан Еренқайыпов 1-орынды жеңіп алып, жеңіл автокөлікті жамбасына басты. Ал, астаналық балуан Мейіржан Берекетов 2-орынды иеленсе, қаражалдық тағы бір балуан Арман Отарбаев 3-орынға табан тіреді.

Балуандар арасында болған түйе балуан белдесуінде Абай облысынан келген Дәурен Нұралинов 1-орынды жеңіп алып, түйе балуан атанса, Павлодар облысынан келген Мұхтар Дәулетханұлы 2-орынды, абайлық Әділ Оразбаев 3-орынды қанжығаларына байлады.

Мезгіл түс ауа ат спортына арналған алаңда дода дүбірі қайта естілді. Бұл жолы желмен жарысқан жүйріктер бірінен бірі оза шауып, бәйге десе делебесі қозатын қазақтың қанын тағы бір рет тасытты. Әуелі жарысқа тай мінгендер шықты. Оған 28 жүйрік қатысты. Ал құнан жарыста 25 құнан жарыс жолына шықса, аламанда 40 ат шапты. Тай жарыста мәре сызығын Ұлытау облысының жүйрігі бірінші, Луговой ауылынан келген тай екінші, Ақой ауылының жүйрігі үшінші болып кесті.

Құнан жарыста Талдыбұлақ ауылынан келген құнан бірінші, Осакаровка ауданынан келген құнан екінші, Жамбыл облысының жүйрігі үшінші орынды иемденді.

Аламанда Жамбыл облысынан келген «Сарыарқа» атты жүйрік мәре сызығын бірінші болып кесті. 35 шақырымға шапқан кілең жүйріктен оқ бойы озық келген тұлпар иесіне шетелдік жеңіл көлікті ұтып әперді. 2-орынның жүлдесі де жамбылдықтардың еншісінде кетті. Ал, 3-орын Шет ауданынан келген тұлпарға бұйырды.

Сонымен, даланы думанға бөлеген Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойы да өтті. Іңір үйірілерде дүйім ел қаланың орталық алаңына ағылды. Бұл жерде қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен керемет концерт өтті. Әуелете шырқалған ән, күмбірлеген күй кенді өлкені тербеп, металлургтер мен кеншілерге, жалпы қалың жұртшылыққа керемет әсер сыйлады. Қысқасы, 60 жылдықтың тойы елдің есінде қаларлықтай болып өтті.

Ізбасар ОЙБАС,
«SARYARQA» газетінен.