Дербестіктің басты белгісі
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Олар ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және әрбір мемлекеттің дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Рәміздер тарихы алғашқы қоғамдағы тотемге табыну мен түркілер дәуіріндегі көкбөріге табынудан бастап, Орта ғасырдағы хандықтар мен патшалықтардың елтаңбалары мен жалаулары және теңгелеріндегі айшықты белгілермен сабақтасады. Қазіргі кезде еліміздің мемлекеттік рәміздері оның бетке ұстар құжаты сияқты бірегей негіздері мен салт-дәстүрін айқындап көрсетеді. Мемлекеттік биліктің рәміздері кез келген мемлекеттің негізін құрайтын тұжырымдамасы – ұлттық идеяда көрініс табуы тиіс. Ал нақты ұлттық идея тікелей сол халықтың арасында қалыптасады. Соның бірі – мемлекеттің басты нышандары.
Мемлекеттік рәміздер мәдениетіміз, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Жоғарыда айтылғандай, осы нысандар арқылы елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады, өйткені, онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр. Сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Мәселен, Елтаңбаны алайық. Елтаңба термині ежелгі Түркі қағанаты (551-630 жылдар) кезінен бастап қолданыла бастаған, қазақ тіліне аударғанда, «таңба», «белгі», тіпті, «мұра» деген мағына береді екен. Біздің Елтаңбамыздағы шаңырақ – өз ұлтымызға ғана тән нышан. Шаңырақ қай кезде де қазақ үшін отбасының берекесі мен тыныштығының белгісіндей қызмет атқарып келген. Елтаңбамыз еліміздегі барша халықтарды бір шаңырақтың астына шақырып, біздің ортақ үйіміз Қазақстанның мықты уықтарына айналуды үндейді.
Кез келген халықтың тарихында заманында сол халыққа күш-қуат берген, рухын жанып, жігерін шыңдаған музыкалық шығармалары бар. Ол тарихтың белгілі бір уақытында сол жұрттың Әнұранына айналған. Мұндай әндер қазақ халқында да көп. Соның бірі – жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ халқының ауыр тауқыметін көрсетуге арналған «Елім-ай» әні. Бұл ән жоңғар шапқыншылығынан зардап шегіп, қансыраған халықтың қайта ес жиып, күшеюіне әсер еткен, сол сияқты басқа да асыл сезімдерді бойына жинаған керемет ән болды.
Осындай бір екінші ән – «Менің Қазақстаным». Бұл шығарма Қазақстан КСРО құрамында болған тұста қазақтың намысын қайрау мақсатында өмірге келді.
Қорыта айтқанда, еліміздің ежелден аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Мемлекеттік рәміздер – біздің дербестігіміздің басты белгісі.
Әлімбек ЖАНДАРБЕКОВ,
Ұлытау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.