Даярлық тыңғылықты жүргізілді

Ұлытау ауданында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде зымыран тасығыштарынан келер қауіптің алдын алуға қамданыс жасалды. Сол мақсатта ұйымдастырылған шарада зымыран тасығыштары салдарынан апатты жағдай туындағанда, оған азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі органдарының əзірлігі қаншалықты даяр екендігін сыннан өткізді. Осыған сəйкес, аудан əкімінің орынбасары Аян ƏБЖАМАЛОВТЫҢ қадағалауымен Ұлытау аудан аумағында «Зымыран-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығуға Ұлытау ауданының төтенше жағдайлар бөлімі, жергілікті полиция қызметі,аудандық ішкі саясат бөлімі, Өрт сөндіру жəне авариялық құтқару қызметі, аудандық жедел-жəрдем бөлімінің бригадасы жəне санитарлық-эпидемиологиялық жəне бактериологиялық барлау бөлімшесінің қызметкерлері атсалысты.

Командалық-штабтық оқу жаттығуы орталық алаңда штаб жұмысын түсіндірумен басталды. Оны оқу-жаттығу басшысының орынбасары, Ұлытау ауданының ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау майоры Данияр Мұханбетов жүргізді. Əуелі жаттығу жұмысында жауапты тұлғалар құрылымдардың əзірліктері туралы баяндады. Бұдан кейін жаттығу жұмыстары село сыртында жалғасты. Бірінші жаттығу орнында қауіп туралы дабыл қағылып, эвакуация жарияланып, аудандық шұғыл əрекет ету жасағы құрылымдарының дайындығы тексерілді. Екінші жаттығуда зымыран оты төгілген жердің топырағына сараптама жұмыстары қалай жасалу керектігін көрсетті. Үшінші жаттығуда зардап шегушіге алғашқы дəрігерлік көмек көрсету жолы көрсетілді. Төртінші жаттығуда сол маңға залалсыздандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Мұнымен қоса, іс-əрекеттер тəртібін, қорғаныстың ұжымдық жəне жеке құралдарын пайдалану тəртібін, оның əдісі мен қорғаныс тəсілін білу жайында жұмыстар пысықталды.

Қорыта айтқанда, оқу-жаттығуда аудандық жедел əрекет ету жасағының іс-қимылдарға даярлығын жəне құрамның талаптарға сəйкестігін тиянақтады. Сондай-ақ, жасақ құрылымдарының материалдық-техникалық ресурстарын тексеру жағына баса назар аударылды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.