Дауыс беру үшін не білу керек?

Референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы оған нақты дауыс берсе, түзету қабылданады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда Конституцияға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Референдум 5 маусымға белгіленді. Осы орайда, Informburo.kz референдумда қалай және қайда барып дауыс беру нұсқаулығын ұсынды.

Сайлау учаскесін қалай іздейміз?

Сайлау уческесін келесі ақпарат ресурстарына кіріп табуға болады:

gov.kz/referendum;
referendum.gov.kz;
referendum2022.gov.kz.
Қазақстан азаматы ЖСН нөмірі арқылы өзінің учаскесін таба алады. Ал табылмаған жағдайда, ақпарат ресурсының соңында әкімдіктердің call орталығының тізімі шығады. Солардың біріне хабарласып, қайда барып дауыс беру керегін білуге болады.

Осыған ұқсас қызмет Kaspi.kz және Халық банкінің Homebank қосымшасында әзірленіп жатыр.

Дауыс беру үшін не істеу керек?

5 маусым күні жеке куәлікпен тіркелген мекенжай бойынша азамат тиісті учаскеге келеді;
Референдум комиссиясының мүшелерінен бюллетеньді алады;
Дауыс беру кабинасына өтеді;
«Иә» немесе «жоқ» жауаптарының бірін белгілейді;
Бюллетеньді дауыс беру жәшігіне салады.
Дауыс беру қалай жүзеге асады?
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Константин Петров референдумда бюллетеньді қалай дұрыс толтыру қажет екенін түсіндірген болатын.

«Бюллетеннің өзі, мәтіні мен формасы бекітілген. Бюллетеньдер жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылуы тиіс. Әркім оны өзі жеке толтырады. Толтыру кезінде дауыс берушіден басқа біреудің болуына тыйым салынады. Егер жекелеген азаматтар денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен өз бетінше толтыра алмаса, (бірақ референдумды ұйымдастырушылар мен бақылаушылардан көмек сұрауға болмайды) басқа азаматтың қызметін пайдалануға құқылы», – деді Константин Петров.

Мұнымен қатар, орталық сайлау комиссиясының өкілі дауыс беруші азамат жауап беру нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгіні қоя алатынын айтты.

«Бір сұрақ, екі жауап нұсқасы болады. Таңдалған жауаптың үстіне құсбелгі, крест қоюға немесе дөңгелектеуге болады. Бірақ азаматтың қай нұсқаға дауыс бергісі келгені түсінікті болуы керек. Белгіні қарындашпен қоюға және түзету енгізуге болмайды. Толтырылған бюллетеньді дауыс беруге арналған жәшікке салады. Ары қарай біз дауыс беруді аяқтау және дауысты санау алгоритміне көшеміз. Референдумға қойылған сұраққа жауаптардың барлық нұсқасы белгіленген бюллетеньдер жарамды деп танылады. Бірақ дауыстарды санаған кезде олар есепке алынбайды. Белгі қарындашпен қойылған, тазарту іздері немесе қолдан жасаудың өзге де тәсілдері бар бюллетеньдер де жарамсыз деп танылады», – деп түсіндірді Петров.

Шетелде жүрген қазақстандықтар қалай дауыс береді?

Қазақстанның 52 шетелдегі мекемелерінде 65 комиссия учаскесі құрылды. Азаматтар сол жерге келіп дауыс бере алады.

«Шетелде жұмыс, қызмет бабы және саяхаттап жүрген белсенді таңдау құқығы мен жарамды паспорты бар Қазақстан Республикасының азаматтары комиссия учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгіне алады», – делінген СІМ хабарламасында.

Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінің жанындағы дауыс беру «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы «ҚР Конституциялық Заңының 38-бабының 1-тармағына сәйкес референдум өткізілетін күні – 2022 жылдың 5 маусымында жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өткізіледі.

«Шетелде дауыс беру процесін уақытылы және толық дайындау үшін ҚР азаматтарынан алдын ала жақын орналасқан сайлау учаскесімен байланысуды және сайлаушылар тізіміне енгізу үшін деректерді ұсынуды сұраймыз», – деп атап өтті СІМ.

Түзетулер енгізілуі үшін қанша дауыс қажет?

Бұған дейін орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов түзету енгізілуі үшін қанша дауыс қажет екенін түсіндірген болатын.

«Егер референдумға қатысқандардың 50 пайыздан астамы оған нақты дауыс берсе, түзету қабылданады», – деді Өтемісов сенаттың кулуарында.

Еске салсақ, референдумға 11 млн 722 мың адамның қатысатыны туралы хабарлаған едік. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті