Дауыс беру – азаматтық парызымыз
Сайлауда ең басты керегі, халықтың бірлігі. Дана халқымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаған. Ырыс та, ынтымақ та бірлікте емес пе?! Сол ынтымақтың нəтижесін сайлауда көрсетуіміз керек. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылы Ата Заңымыздың үштен бірі жаңартылды. Осылайша саяси жүйені жаңадан жүзеге асыру басталды. Оны іске қосу үшін кезектен тыс Президент сайлауын өткізу қажет болды. Өйткені, 20 қарашадағы сайлау бізге Əділетті Қазақстан құру жолында демократиялық түрлендірудің бағытын белгілеуге кеңінен жол ашып отыр. Бұл сайлау «Жаңа Қазақстан» деп аталатын дəуірдегі жаңа сайлау болмақ. Сайлаудың ерекшелігі, Президент тек бір мерзімге ғана сайлана алады. Былай айтқанда, жеті жыл кез-келген реформаны қолға алып, нəтижелі аяқтауға жеткілікті уақыт. Осыған қарап, сайлау өткізу туралы бастамаға бірауыздан қолдау білдіргеніміз жөн.
Бүгінгі Қазақстанның ішкі жəне сыртқы саясатының барлық саяси жəне экономикалық үдерістерін ескере отырып, елді одан əрі дамыту үшін халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жаңа бағыттар мен жаңа өзгерістер болуы заңды. Себебі, сайлаудан кейін еліміз дамудың жаңа сатысына көтеріледі деп ойлаймын. Негізінде сайлау дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Оның өзіндік ерекшеліктерін байқай бастадық. Қоғамдық өмірге белгілі бір циклдік сипат беріп, келешекке назар аударуға мүмкіндік жасалып тұр. Əсіресе, қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан қоғамына ел дамуының нақты стратегиялық бағытын көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда сайлаудың маңызы ерекше болатын сияқты. Қазақстан халқын, азаматтық қоғамды демократиялық қайта құру идеясының төңірегінде біріктіруді көздейді. Сондықтан сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар адамдарды саяси науқанға белсене қатысуға шақырамын.
Сəкен НАЙМАНБАЕВ,
№2 Қорғасын орта мектебінің мұғалімі