Дауды шешудің балама нұсқасы — сәтті бітімгерлік

Мүмкін «медиация» көп адамға түсініксіз шығар, бірақ бұл – біздің ұлттық санамызда қалыптасқан, еліміздің әлеуметтік қатынасында орны бар жүйе. Кезінде халқымыз дуалы ауыз билерді тыңдап, олардың шешімін екі етпегенін алға тартқымыз келді. Медиация институты билер соты дәстүрімен ұштасып жатыр. Тарихи санамыз жаңғырып, осы дәстүрдің тиімділігіне көз жеткізе білсек, медиацияның да болашағы зор болмақ.

Медиация туралы заң қабылданып, алғаш рет медиаторлардың қызметі белгіленіп, жаңа саланың қолдану аясы заңмен бекітілді. Заңнама бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешуге медиация қолданылады. Сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарды заңмен реттеуге де медиаторлар араласа алады.

Судьялар істі қарау кезінде сотқа жүгінуші тараптарға келісу процедураларын қолдану мүмкіндігі жайлы айтады.

Бұл – даулы мәселелерді сотқа жеткізбей, дауласушыларды өзара бір мәмілеге келтіріп, келісу арқылы шешуге болатынының дәлелі. Ал иелеріне қайтарылған қаражат тараптар ғана емес, мемлекетке де тиімді екенін білдіреді.

Медиация – білместіктен, немесе жазатайым жаңылыс басқанды бірден жазаға тартып, түрмеге отырғызуды мақсат етпейді. Дауласқандарды бітіспес жауға айналдырмай, бітімгершілікке шақыратын жаңа жүйе ғасырлардан бері қазақ даласында қалыптасқан дәстүрмен үндесіп, қайта жаңғырды деуге әбден болады.

Ақмаржан ҚАЛЕКЕНОВА,

Ұлытау аудандық сотының бас маманы.