«Даму» қоры Қарағандының «ЭГОФОМ» зауытына қолдау көрсетті
«ЭГОФОМ» компаниясы 2007 жылы Қазақстанда алғашқы болып серпімді пенополиуретан (поролон) өндіру бойынша зауытты іске қосты. Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының арқасында кәсіпорынға айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 6%-бен несие берілді.
– Біздің компания қарқынды дамыды, – дейді «ЭГОФОМ» ЖШС директоры Елена Барановская. – «Сельмаш» жартылай бұзылған кешенінің базасында қосымша цехтар мен қойма үй-жайлары қалпына келтіріліп, салынды. Біз жабдықтарды Норвегиядан, Ұлыбританиядан, Германиядан, Ресейден сатып алдық.
Компания шығаратын өнімдер жиһаз өнеркәсібінде жұмсақ жиһаз, кеңсе креслолары мен орындықтарды өндіру үшін, сондай-ақ матрац өндірісінде, автомобиль өнеркәсібінде, тоқыма өндірісінде қолданылады. Сонымен қатар, серпімді полиуретанды көбік техникалық мақсатта және күнделікті өмірде орау материалы ретінде қолданылады.
Қазіргі уақытта кәсіпорын процестерді барынша механикаландыруға және жұмысшылардың жұмысын жеңілдетуге басымдық береді.
– Біздің міндетіміз – серіктестер мен соңғы тұтынушылардың барлық талаптарына сай болу. Бұл ретте бізге әрбір серіктес – ірі жиһаз холдингінен бастап шағын отбасылық фабрикаға дейін маңызды, – деп қосты Елена Барановская.
2021 жылдың басында «ЭГОФОМ» ЖШС-не айналым қаражатын толықтыруға қаржы қажет болды. Қазақстан Халық банкінің Қарағанды филиалы қарызды жылдық 14% мөлшерлемемен мақұлдады. Соманың бір бөлігін «Даму» Қоры «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде субсидиялады. Нәтижесінде кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ Қор кепілдің жетіспейтін бөлігіне кепілдік берді.
– Несиелеу есебінен шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуды және дайын тауар экспортын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – дейді компания директоры.
Бүгінде зауыт өнімінің 49% экспортқа кетеді. Тұтынушылар қатарында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Грузия, Ресейдің Сібір аймағы бар. Қалған бөлігі – 51% – ішкі нарықта сатылады.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі