ДАМУ БАҒЫТЫ БАҒАМДАЛДЫ

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Күн тәртібінде 2025 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және ЮНЕСКО қамқорлығына енген материалдық емес мәдени мұраны сақтау, насихаттау шаралары және археологиялық қазба жұмыстарының жай күйі туралы мәселелер көтерілді.

Кеңесте өңір басшысы инвестиция тарту және экономикалық өсім көрсеткішінің төмендігін сынға алып, Жезқазған қаласы әкімінің м.а. (салаға жауапты орынбасарына) және Қаражал қаласының әкіміне ескерту жариялады.

Сонымен қатар облыс әкімінің назарына қала құраушы кәсіпорындарды есептемегендегі көрсеткіш ұсынылды. Бұл ретте өңір басшысы облыс көрсеткішінің қала, аудандарға байланысты екенін тағы бір рет ескертіп, әкімдерге экономиканы әртараптандыру ісін қатаң бақылауға алуды, инвестиция тартуды күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің айтуынша: «Инвестиция тарту – кәсіпкерлік басқармасының ғана жұмысы емес, барлық басқарма өз саласы бойынша демеуші табуы тиіс».

Кеңесте облыстағы ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстарды күшейту міндеті де қойылды. Бұл ретте жауапты басқарма басшысына мал санына қатысты нақты талдау және ұлттық ауыл шаруашылық санағын сапалы өткізу, «Ұлытау» ӘКК бірлесіп нақты жобаларды жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге сәйкес, облыс әкімі кәсіпкерлік, мәдениет басқармаларына «Ұлытау» геопаркін құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, қазба жұмыстары барысында табылған тарихи жәдігерлерді халыққа таныстыру және кеңінен насихаттау бағытында жұмыстар ұйымдастыруды міндеттеді.