Дала төсінде – қызу еңбек

Кеше Ұлытау ауданында астық жинау науқаны басталды. Бірінші кезекте, диқаншылар арпа дақылын оруға кірісті. Жалпы, аудан бойынша егіс алқабы 26 мың гектарды құрайды. Оның 24 мың гектарына бидай, 2000 гектарына арпа себілген. Күн райы қолайлы болса астықты жинап алу науқаны қыркүйек айының ортасына қарай аяқталуға тиіс. Алғашқы болжам бойынша, дәнді дақылдардың әрбір гектарынан түсім кем дегенде 5 центнерден айналады деп күтілуде.

«Биылғы жаз құрғақшылықпен басталды. Жерде ылғал қоры аз. Табиғаттың осынау мінезі егін шығымына зиянын тигізді. Дегенмен, әліптің артын бағалық. Соңғы нәтижені жиын-терім науқаны аяқталар сәт көрсетеді» дейді диқаншылар.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллиннің айтуынша, орақ науқанына диқаншылар тас-түйін күйде түсті. 78 комбайн, 45 автокөлік сақадай-сай. Жылдағыдай астық оруға арзандатылған жанармай бөлініп, босатылған. Қажетті дизель отынының әр литрі 178 теңгеден «ГАЗoiiПром kz» серіктестігі арқылы қамтамасыз етіліпті. Күзгі дала жұмысына бөлінген 350 тонна жанармай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген кестеге сәйкес үлестіріліп отыр екен. Осы бірегей мүмкіндікті пайдаланған диқаншылар маңызды науқан – егін орағын ұйымшылдықпен өткізуге ұмтылуда.

Қайрат ЖҰМАБАЙ