ДАИШ неліктен террористік ұйым деп танылды?

2015 жылдың 15 қазанында «Ислам мемлекеті» немесе «ДАИШ» атауымен белгілі халықаралық ұйым Астана қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен террористік деп танылды және Қазақстан аумағында оның іс-әрекетіне тыйым салынды. Сондықтан бүгін аталмыш ұйымға қолдау білдіруге әрекеттенген кез келген тұлға заң аясында жауапқа тартылады.

«ДАИШ» – жаңа замандағы жаһандық терроризмнің бейнесі ретінде «аль-Каида» және тағы басқа онға жуық экстремистік ұйымдардан құралған діни-милитаристік ұйым. Бұл ұйымның әсілі қандай мақсаттарды көздейтінін анықтау әрі іс-әрекеттеріне толымды баға беру үшін оның соғыс аймағындағы белсенділігіне назар салу қажет. «ДАИШ-тың» Таяу Шығыс халықтарына қарсы жүргізіп жатқан қантөгіс әрекеттері мен саяси-қаржылық мүдделерге негізделген мотивтері оның дін атын жамылған террористік топ екенін айғақтайды. Оның идеологиясы соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған «Лашкар Тайиба», «Әл-Каида» және оның Ирактағы қанаты «Ан-нусра» секілді бірқатар террористік ұйымдардың идеологиясымен ұштасады. Яғни бұл ұйымдардың барлығы «Ас-салафи әл-жиһадия» тобына жатады. Олар – ислам әлемінен оқшауланған салафилік көзқарастарды ұстанушы жамағаттар.

Қазіргі таңда БҰҰ және Еуропалық Одақ, сондай-ақ АҚШ, Сауд Арабиясы Корольдігі, Мысыр, БАӘ, Пәкістан, Иордания, Ресей және т.с.с. елдермен қатар, әлемдік және араб ақпарат құралдарының барлығы «ДАИШ-ті» террористік топқа жатқызады. Сонымен қатар 2015 жылдың 20 қарашасында өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 7565-отырысында мақұлданған қарарда «ДАИШ» ұйымы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жаһандық және зор қатер төндіреді» деп айқын атап көрсетілген.

Сирияда 2011 жылы басталған азаматтық соғыс кезінен бері бұл ұйымның жүргізіп жатқан қанды-қасап қырғын салдарынан бір миллионнан астам адамның өмірі қиылып, соғыс тауқыметін шеккен төрт миллиондай халық елін, жерін тастап, босқынға айналып кетті. Таяу Шығыс аймағындағы «ДАИШтің» жаулап алу әрекеттері нәтижесінде террористік ұйымның ықпалына түскен елді-мекендерде тұратын өзге дін өкілдерінің жаппай қырылуын «геноцид» деп бағалауға болады. Жергілікті халықтардың ішінде әсіресе христиандар, езидтер, күрділер, шииттер, түркімендер, друздар және т.б. діни азшылықтағы топтар қатаң қудалауға ұшырады.

Сонымен қатар, өзін «Ислам мемлекеті» деп білетін террористік ұйым дінге тікелей әрі жариялы түрде қарсы бағытталған агрессияны танытуда. «ДАИШ» исламда қасиетті саналатын Рамазан және тағы басқа айларда әсіресе жұма күндері мешіттер мен бейбіт тұрғындар тұратын ғимараттарда жарылыстар ұйымдастырған. Оған мысал ретінде 2014-2015 жылдардың аралығында Сауд Арабиясы Корольдігіндегі «Имам Али», «Имам Хусейн», «әл-Машһад», сондай-ақ Кувейттегі «Имам ас-Садық» атты мешіттерде орын алған террорлық актілерді атап өтуге болады. БҰҰ сарапшыларының Ирак аумағында жүргізген зерделеу жұмыстары нәтижесінде әзірленген баяндамадағы ресми деректер бойынша «ДАИШ» 2014 жылдың басынан 700-ден астам кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жанын қиған.

Бұқаралық ақпарат құралдары соңғы уақытта «ДАИШ» лаңкестерінің әлемнің түрлі аймақтарында террактілерді жүзеге асырып жатқандығын жиі көрсетуде. Өткен жылдың өзінде осы ұйымның содырлары Тунис, Франция, Кувейт, Йемен, Ауғанстан және т.б. елдердегі қанды оқиғаларды іске асырып отыр.

2014 жылдың қыркүйегінде дүниежүзінің 126 ірі ислам ғалымдары бірлесе отырып, «ДАИШ» ұйымының басшысы Абу Бакр әл-Бағдадиге (шын есімі Ибрахим Аууад әл-Бадри) ашық хат жолдады. Аталмыш хатқа қол қойған дін ғалымдарының ішінде Мысыр, Түркия, Нигерия, Болгария, Косово елдерінің мүфтилері, әр түрлі халықаралық діни ұйымдар мен қорлардың өкілдері, пәтуа бойынша мемлекеттік органдардың басшылары, университет профессорлары бар

Бұл үндеуде ислам ғұламалары діни пәтуа шығарудың талаптарын орындамау, адам өміріне қастандық жасау, заңсыз әскери жиһадты бастау, адамдарды дінге күштеп әкелу, құлдық тапты қайта жаңғырту, әйелдер мен балалардың құқығын таптау, өз бетінше мемлекет құру секілді мәселелердің ислам шариғатына қайшы екендігін түсіндіріп, ұйым өкілдерін тәубе етуге шақырған. Алайда «ДАИШ» идеологтары мен содырлары бүгінде ешбір елдің ислам ғалымдарын мойындамай, үндеудегі талаптарға бойсұнудан бас тартты.

Аудандық ішкі саясат бөлімі.