Дәстүрлі БАҚ: кеше, бүгін және ертең

Соңғы жылдары отандық ақпарат кеңістігінде елеулі өзгерістер орын алып келгені баршаға мәлім. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік желі күрт дамып, жаңа ақпараттық орта қалыптасты, интернет журналистика деген ұғым қолданысқа енді. Қоғамда дәстүрлі БАҚ-тың қолданылу аясы тарылып, біржолата жойылады деген пікір орнығып үлгерді. Бұл жөнінде «Білімді Ел – Образованная страна» республикалық білімділік қоғамдық-саяси газеті офисінде Бас редакторлар клубының Басқарма мүшелерінің соңғы өткен отырысында жан-жақты айтылды да.

Пікір алмасу барысында дәстүрлі БАҚ-тың бұрын да және қазір де қоғамға тигізер әсері зор екеніне әрі солай қала беретініне назар аударылды. Расында, БАҚ қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат, қоғамдық пікір берумен қатар оны қалыптастыруға мейлінше үлес қосып келеді, әсіресе, бүгінгідей пандемия жағдайында. Ал бұл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарының төмендегідей мәдени-әлеуметтік міндеттер атқаруымен тікелей байланысты:

Ақпараттық міндет. Радио, теледидар, газет-журналдар тыңдармандарды, көрермендерді, оқырмандарды кеше мен бүгін елімізде, әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар етуге тиісті.

Танымдық-ағартушылық міндет. Арнайы теле және радиохабарлар, газет пен журнал айдарлары адамдардың ой-өрісінің кеңейе түсуіне жол аша отыра, адамзат қызметінің барлық саласында жаңа ілімдердің ілкімді дамуына бағыттайды.

Рекреациялық міндет (лат. rесrеаtіо — қалпына келтіру – адамның еңбек процесінде жұмсаған дене және рухани күштерін қалпына келтіру әрі дамыту). Осы ретте телерадио эфирлердің, газеттер мен журналдардың ақпараттарының басым бөлігі ойын-сауық тақырыптарына берілген.

Құқықтық-реттеу міндеті. БАҚ ақпарат берумен, ағартушылықпен, ойын-сауықпен ғана шектелмейді. Олар түрлі оқиғаларға қатысты біздің пікірімізді әрі өмірге деген көзқарасымызды қалыптастырады. Яғни, БАҚ мақсатты түрде адамдардың мінез-құлқына әсер етеді деген сөз.

Сайып келгенде, БАҚ-тың басты міндеті – қоғамдағы өзгерістерді адал әрі шынайы жеткізу арқылы демократиялық қоғамның негізгі құндылықтарына қатысты белгілі бір келісімнің құрылуына ықпал жасау. Осы келісімнің болуы азаматтық қоғамның беріктігі мен мемлекеттің тұрақтылығының маңызды алғышарттарын құрайды.

Аталмыш міндеттердің ойдағыдай іс жүзіне асуы бірінші кезекте маманға байланысты дейтін болсақ, бұл жұмысты кәсіби түрде айналысатын адамдар, яғни, журналистер қамтамасыз етеді. Ал қазір, әсіресе, әлеуметтік желіде, екінің бірі өзін журналист есебінде санайды. Нәтижесінде, шынайылыққа негізделіп жасалатын контенттер сапасы күрт төмендеп, халық тарапынан БАҚ-қа деген сенім жоғала бастады. Сондықтан, нағыз журналист пен блогер сынды қалам ұстаушылардың ара-жігін ажыратқанымыз абзал. Осы орайда Abai.kz ақпарат порталының берген анықтамасына сүйенсек, блог – онлайн күнделік, ал блогер – күнделік жүргізуші. Әдеттегі күнделіктен айырмасы – жариялылығы. Бірақ, қазіргі блог, блогер деген түсінік бұл анықтама шеңберіне сыймайды. Оларға түпкілікті әрі нақты анықтама беру қиын. Сондықтан, ең басты мәселе – біздегі блог, блогерлер дегеннің түсініксіздігі.

Негізінде, блог – интернет-құрал. Ал қазіргі блогерлер ұсақ-түйек дүние жазудан аса алмай отыр. Сөйте тұра блогерлер көп жағдайда журналистермен «жағаласқанды» әрі оларға интернет қолдануда «ұстаз» болғысы келіп, қалайда жеке тұлғасын көрсетуді көбірек көздейді. Бұл жерде блогерлердің кәсіптік деңгейі, ой-өрісі төңірегінде таяуда әлеуметтік желілердің бірінен оқыған бір мысалды келтіре кетсем артық болмас. Қараша айында әлеуметтік желілерде ресейлік 19 жасар блогер Матвей Юферовтың Ұлы Отан соғысы ардагерінің портреті орналасқан стендке кіші дәретін жіберіп тұрған бейнекөрінісі жария етілді. Әрине, бұл тұрпайы мәдениетсіздік жазасыз қалған жоқ. Телеграм-канал хабарлағандай, Мәскеу облысының 19 жасар тұрғыны Ресейдің әскери даңқы рәміздерін қорлады, соғыс ардагерінің ар-намысын және қадір-қасиетін аяққа таптады деп айыпталып, 4 жыл бас бостандығынан айырылды, жас жігітке 5 жыл бойына интернетте материалдар орналастыруға қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сөйтіп, «хайп» ұстап, көрермендерін көбейтуді көздеген әрекетінің ақыры масқарамен аяқталды.

Иә, Abai.kz жазғандай, бүгіндері блогерлер арқылы билік өз жұмыстарын көрсетуге, ал бизнес тауар жарнамасын жасауға ұмтылып жатқандары жасырын емес. Осылайша, өздерін «блогерлер» дейтін топты аймақтық және орталық билік интернеттегі белсенділіктеріне қарап, пайдалана бастады. Яғни, билік блогтурлар ұйымдастыру арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын көрсетудің тікелей қолжетімді жолына айналдырды. Жергілікті билік жұмысының жарнамасына таптырмайтын тәсіл ретінде блогқұрылтайлар да өткізіліп келеді. Баға мәселесіне келсек, блогтурлар мен блогқұрылтайларға бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні, оның қалай жұмсалатыны, қаражаттың қаншалықты ақталатыны белгісіз. Ал блогерлер жұмысының бүкіл нәтижесі –  әлеуметтік желіні суреттер, қысқа жазбалармен толтыру әрі көптеп бөлісу. Бір сөзбен айтқанда, блогерлер, әсіресе, қазақтілді блогер, биліктің тапсырысын орындаудан әріге бара алмай отыр. Осыдан-ақ нағыз журналист пен блогердің арасалмағын шамалай беруге әбден болады.

Әрине, БАҚ төңірегінде де түйткілді мәселелер жеткілікті. Сондықтан да, Басқарма отырысында олардың түйінін тарқату жолдары жайлы да айтылды. Атап айтқанда, цифрлық кеңістікте БАҚ-ты күрт дамыту үшін бірінші кезекте журналистердің қоғамдық статусы нақты анықталуы керек, сондай-ақ, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында «Журналист мәртебесі туралы» заңның дайындалып, қабылдануы қажет деген де тұжырым жасалды. Осынау заң аясында журналисті материалдық әрі моральдық тұрғыдан қорғау, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу жолдарын белгілеу, журналистің құқықтары мен міндеттерін анықтау, дәстүрлі БАҚ пен салалық қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынастарын реттеу, БАҚ-ты қолдаудың экономикалық және басқа да тиімді түрлерін қарастыру тәрізді медиа саланы жетілдіруге бағытталған шараларды жүзеге асыру тұрғысында пікір алмасылды. Мысалы, БАҚ біздің рухани діңгегіміздің, ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір құрамдас бөлігі десек, Мемлекет басшысының өкімімен жыл сайын берілетін Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын алу мүмкіндігін отандық ақпарат саласының көрнекті өкілдеріне неге жасамасқа?!

Жалпы алғанда, БАҚ-тағы қордаланған мәселелермен түбегейлі айналысу қажеттілігі бүгін күн тәртібінің өзекті мәселелерінің бірі екені анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасындағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою туралы кезінде нақты тапсырма да бергені белгілі. ҚР Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың БАҚ саласының заңнамалық дамуын талқылауға қатысты конференцияда: «Ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы ағымдағы жағдайды, халықаралық тәжірибені зерделеп, заңнамаға өз түзетулерін дайындауда. Жаңа заңды әзірлеудің мақсаты – отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау және журналистердің құқықтарын қорғау» деп айтқаны және мәлім. Бұқаралық ақпарат құралдары мен телерадио хабарларын тарату қызметкерлерінің «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек те «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы мәселені үзбей көтеріп келеді. Ендеше, барлық мүдделі тараптар тұрғысынан айтылған ұсыныс-пікірлерді бір жерге жинақтап, шешім қабылдау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде арнайы кездесу ұйымдастырған жөн деп білемін.

 

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

Бас редакторлар клубының вице-президенті.