Дүбірлі доп додасы
Футбол спортының көзге көрінбейтін елді біріктіруші энергиясы бар. Оған ұлт ұясы – Ұлытауда Бекзат СЫЗДЫҚОВТЫҢ ұйымдастыруымен өткен теңбіл доп ойынында куə болдық. Əңгімені басынан бастасақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында аудан орталығындағы спорт кешенде футбол жарысы басталған болатын. Сол дүбірлі доп додасы екі айға созылып, күні кеше ғана мəресіне жетті.
Ала доп ойынына жастар демеушілік жасап, аудан əкімдігі мен ауданның дене шынықтыру жəне спорт бөлімі қолдау көрсетті. Бұл ойынның басты межесі – бұқаралық спортты дамыту болғанымен оның соңы жанкүйерлердің делебесін қоздырған тартысты бəсекеге ұласты. Шын мəнінде, ымыра-бірліктің, мəдениеттіліктің үлгісін танытқан спорттық мазмұндағы тартымды шара болды.
Бəсекелі сынға аудандық мекемелер мен бөлімдерден жəне мешіт жамағаттары арасынан құрылған команданы қоса есептегенде бас-аяғы сегіз команда қатысты. Бақ сынасқан командалар екі айналымнан 14 ойын өрнегін көрсетіп тынды. Нəтижесінде бабы мен бағы келіскен командалар жеңімпаз бен жүлдегерлер санатына ілікті. Қорытынды есепте аудандық білім бөлімінің «Білім» командасы 28 ұпаймен үшінші орынға табан тіреді. Жүлделі екінші орынды 31 ұпаймен аудандық полиция бөлімінің «Қамал» командасы иеленді. Ал, аудан əкімдігінен жасақталған «Орда» командасы 34 ұпаймен жеңімпаз деп танылып, бірінші орын биігінен көрінді.
Марапаттау рəсімі де көпшілік көңілінен шықты. Бұл жолы жарыстың өткізілуіне елеулі үлес қосқан азаматтар назардан тыс қалмады. Оларға аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің Алғыс хаты тапсырылды. Жүлдеге ие болған командаларға тиісінше кубок, медальдар табыс етілді.
Жалпы ұйымдастырушы тарап іс-шараны жоғары деңгейде өткізді. Бір команда, алты ойыншы түрлі номинация бойынша марапатталды. «Ұлытау мешіті» командасы ынтымақ пен бірлікті ту еткен команда ретінде танылып, белгіленген номинация аясында «Ұйымшыл команда» аталымын жеңіп алды. Одан кейін үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншылар марапатталды. Атап айтсақ, «Үздік қақпашы» аталымына – Қанат Жылқыбаев, «Үздік шабуылшы» аталымына – Бекзат Сыздықов, «Үздік ойыншы» аталымына – Құрмет Рахат, «Үздік қорғаушы» аталымына – Нұржан Бейсалы, «Үздік соққы» аталымына – Айбек Смағұлов ие болды. Ең жас ойыншы Серікболсын Ербол «Маусым жаңалығы» номинациясымен марапатталды.
Жарасымды бəсекеге бастамашы болған əрі оны жоғары талап деңгейінде ұйымдастыруына дəйекті негізде дəнекерлік ете білген Бекзат Сыздықовқа аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімі басшысы Марат Оразалиннің Алғыс хаты тапсырылды. Осы бір сəтте біз де Бекзатты əңгімеге тартқан едік…
«Ең бірінші айтарым, маған қолдау көрсеткен азаматтарға алғысым шексіз. Жалпы, спортты қолдаған дұрыс деп санаймын. Жарысты өткізер алдында аудан əкімдігі мен аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімімен келісілді. Содан кейін командаларды жасақтай бастадық. Əр команда 15 мыңнан жарна төлеу арқылы ойынға қабылданды. Сол жарнадан түскен қаражатқа кубок, медальдар, тағы да басқа қажеттіліктерді сатып алдық. Бұл жарысты өткізудегі мақсатым – бұқаралық спортты жоғары деңгейге көтеру болды. Осы мақсатта жарысты ұйымдастырдық. Нəтижесінде ауыл жастары футзалда ала доп ойынының ережесіне сəйкес ойнауға машықтанды. Былай қарағанда, бұл ойынымыздың нəтижесі. Түпкі меже футбол бірлестігін құру еді. Қазір осыған жұмыс жасалып жатыр. Бірақ, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Сəтін салса, күзге таман ойынды жалғастырамыз» дейді Бекзат Жездібекұлы.
Айта кетейік, осы спорттық ойын Ұлытау ауылы жастарының ынтымақ-бірлігінің арқасында жүзеге асып отыр.
Қайрат ЖҰМАБАЙ