Бюджет қаржысы – қатаң бақылауда
Ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы – аудандық бюджетке тікелей байланысты болатыны белгілі. Халық шаруашылығының қай саласы болмасын, жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы есебінен өсіп-өркендейді. Бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы, уақытылы әрі толық игерілуі, т.с.с. қатаң қадағалауды қажет етеді. Бұл орайда, аудандық экономика және қаржы бөлімі айрықша рөл атқарады. Қаржыгерлер күні қарсаңында, аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы Тасболат Зайырұлы Шайхинге жолығып, көкейде жүрген 2-3 сауалымызды көлденең тартқан едік…
– Тасболат Зайырұлы, ең бірінші сізді және сіз басқарып отырған ұжымды төл мерекелеріңізбен құттықтаймын! Ауданның қаржы саласындағы қажырлы еңбектеріңіз жемісті бола берсін! Менің алғашқы сауалым: аудандық қаржы бөлімінің аудан көлеміндегі атқаратын рөлі, негізгі функциясы жайлы түсінік берсеңіз…
– Көп рахмет, бірге болсын! «Ұлытау ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесі миссиясы әлеуметтік-экономикалық дамуының соңғы нәтижелерімен стратегиялық мақсаттарға жетуге бағытталған экономикалық және бюджеттік жоспарлау жүйесін қалыптастыру, жергілікті бюджетті атқаруды үйлестіру, мемлекеттік сатып алуды үйлестіру және аудандық коммуналдық меншікті түгендеу болып табылады.
Негізгі функцияларына ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының болжамын әзірлеу және жоспарлық кезеңге арналған аудан бюджетін бекіту мен нақтылау туралы аудандық маслихат шешімін жүзеге асыру жөнінде аудан әкімдігі қаулысының жобасын әзірлеу жатады.Бюджетті атқару бойынша орталық уәкілетті органға түсімдер мен қаржыландырудан жиынтық жоспарын әзірлеп тапсыру, қаржыландыру жоспарларының жылдық, ай сайынғы жиынтығына талдау және бағалау арқылы аудандық бюджеттің қаражаттарын игерудің мониторингін жасау, бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша игерілмеу себептерін анықтау және орындалысы туралы есепті құрастыру да осы бөлімнің еншісінде.
Оның сыртында аудандық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арқылы тауарларды, қызметтерді жұмыстарды мемлекеттік сатып алудың жиынтық номенклатурасы мен жоспарының жасалуын қадағалайды. Мекеме өткізген конкурстардың нәтижелері бойынша қорытындыланған келісім – шарттардың орындалуына талдау жасайды. Ауданның коммуналдық меншігін басқарады және оны қорғау бойынша шараларды жүзеге асырады. Біздің негізгі міндеттеріміз осылар болып табылады.
– Түсінікті. Енді осы бөлімнің қысқаша тарихына шолу жасасақ..
– Бұл бөлімді ауданмен құрдас деуге де болады. Өйткені,Ұлытау ауданы 1939 жылдың қараша айында құрылғанда, аудандық партия конференциясы өтіп, осы конференцияда аудандық партия комитетінің бір бөлімі есебінде Ақша бөлімі құрылыпты. Келесі жылы, яғни 1940 жылдың шілде айында Ақша бөлімі бөлек мекеме болып ашылды. Құрамында 5 адам қызмет істеген екен. Ұлытау ауданының қайта құрылуына байланысты 1972 жылдан 1987 жылға дейін Ұлытау аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрғали Жарасбаев ағамыз мінсіз қызмет атқарып, аудан экономикасына елеулі еңбек сіңірген. Нұрғали ағамыздың бюсті салынған естелік тақта ғимарат қабырғасына орнатулы тұр бүгінде. 1987 жылдан 1996 жылға дейін қаржы бөлімінің меңгерушісі болып Сәттібек Қорғанбеков қызмет атқарды. Қазіргі кезде зейнеткерлікте. Ал, мен 1996 жылдан бастап, осы бөлімнің басшысымын. Бөлім тарихында айрықша бір ерекшелік жоқ.
– Өте жақсы. Енді өзіңіз басшылық жасап отырған бөлімнің еңбек ұжымымен таныстырып өтсеңіз…
– Әлбетте, қаржы бөлімінің ұжымында өзара сыйластық, ұйымшылдық, татулық жоғары деңгейде қалыптасқан.Аудандық экономика және қаржы бөлімі негізінен үш сектордан құралады: мемлекеттік активтер және сатып алу секторының меңгерушісі К.Тұрманова осы қаржы саласында 20 жылдан аса еңбек етіп өз білгенін жас мамандарға жалықпай үйретіп келеді. Осы сектордың бас маманы А.Сейілов те – өз мамандығын толық игерген мамандарымыздың бірі. Экономика және әлеуметтік даму секторының меңгерушісі К.Омарова 10 жылдан астам экономика саласында қажырлы еңбек етуде. Осы сектордың бас маманы Б.Шоқанов жалпы салық түсімдерге талдау жұмыстарын жүргізуде тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары маман. Бюджеттің жоспаралануы және атқарылуы жөнінде сектор меңгерушісі Е.Бимағанбетов 2 жыл көлемінде өзінің біліктілігі және алғырлығымен дараланған азамат. Жалпы бұл сектордың жұмыс көлемі өте ауқымды. Бас маман-бас есепші Б.Оспанбекова бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп жұмыстарын үйлестірудің шебері. Биылғы жылы ұжымымыз М.Дүйсебекова, А.Дәуітбаева сияқты жас мамандармен толықты. Мамандар өздерінің функционалдық міндеттері бойынша жұмыстарын тиянақты атқаруда. Ділімбетова Машкура апай Ұлытау аудандық қаржы бөліміне 1986 жылы қызметке келген. Зейнеткерлікке шықса да, бүгінгі күні қызметтен қол үзбей, жас мамандарға білгенін үйретіп жүр. Жалпы мен еңбек ұжымыма ризашылығымды білдіремін.
– Тасболат Зайырұлы, ауданның қаржы «қоржынының» аузын ұстап отырған ұжым жайлы біраз мағлұмат алған сияқтымыз. Ұлттық валютамыз – Теңге күнімен қатар келген кәсіби мерекелеріңіз – Қаржыгерлер күні тағы да құтты болсын. Сөз соңында, өз әріптестеріңізге деген тілегіңізді естісек…
– Рахмет! Жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісіне келетін кәсіби мерекемізбен әріптестерімді шын жүректен құттықтаймын. Отбастарына амандық-саулық, қуанышқа толы күндер, тоқшылық тілеймін. Аспанымыз ашық, Отанымыз тыныш болсын! Сіздер де аман болыңыздар!
– Әңгімеңізге рахмет! Амандықта жүздесейік!
Сұхбаттасқан
Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ.