ҰБТ: Екінші кезең наурызда басталады
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, 20 ақпан мен 10 наурыз аралығында ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдануда . Биылғы екінші ҰБТ 14–30 наурыз аралығында өтеді.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге мектептің 11 (12) сынып оқушылары, мектеп және колледждің өткен жылғы түлектері, колледждің биылғы түлектері, жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, сондай-ақ шетелде білім алған түлектер, ҚР азаматтығын алмаған, яғни шетелде оқыған ұлты қазақ жастар қатыса алады.
Орталықта мәлімдегендей, сынаққа қатысушылар тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өзі таңдайды. ҰБТ тапсыру құны 4 230 теңге.
Айта кетсек, қаңтар айында өткен ҰБТ сынағына 123 мыңға жуық талапкер қатысып, олардың орташа нәтижесі 76 балды құрады. 102 мың талапкер шекті балл (50 балл) жинады. Тест тапсырушылардың 95 мыңы (77 %) қазақ тілінде, 28 мыңы (23 %) орыс тілінде, 91 түлек ағылшын тілінде тест тапсырған.