Боз кілемде – мұғалімдер

Күрес десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ, ол – ақиқат. Əр қазақ баласы атқа мінуге həм күресуге бейім келеді. Əсіресе, соңғы кездері төл күресімізге назар аударылуы көңіл қуантады. Оған аудандық деңгейде алғаш рет мұғалімдер арасында өткен «Тау барысы-2023» турнирі жанды айғақ. Бұл турнир аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлерінің кəсіптік одағы ұйымының ұйымдастыруымен өтті.

Аталмыш турнирдің ашылу салтанатына аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, «Ұлытау облыстық білім қызметкерлерінің кəсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қоңырбаев, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов арнайы қатысып, барша сайыскерлерге сəттілік тіледі.

Ұзақ күнге созылған дүбірлі додаға аудан аумағындағы мектептерден 70-ке жуық балуан қатысты. Балуандар төрт салмақ дəрежесінде күш сынасты. Алдымен 60, 70, 80, 90 келі салмақтағылардың «мықтысы» анықталып, соңы түйе балуанды анықтаумен болды. Тартысты бəсекеде бақ сынасқан балуандар қазақ күресінің қыр-сырын мейлінше меңгергендіктерін айғақтап-ақ бақты. Боз кілемде бір-біріне дес бермей, ұзақ айқасқандар да кездесті. Ақырғы сəтте əлділері басым түсіп, мықтылары алға шықты. Сонымен жарыс қорытындысында 60 келіге дейінгі салмақта жүлделі үшінші орынды Бекзат Маратов (№8 Егінді мектебі), екінші орынды Ерболат Жаңғасқанов (№1 Ұлытау мектебі), бірінші орынды Аманбек Баймағанбетов («Өркен» бөбекжайы) иеленді. 70 келіде үшінші орынды Қазбек Нұрқаш (№2 Қорғасын мектебі), екінші орынды Бауыржан Омаров (аудандық білім бөлімі), бірінші орынды Мирас Қанат (аудандық Оқушылар үйі) жеңіп алды. 80 келіде үшінші орынды Нұрлан Айтбаев (№3 Аманкелді мектебі), екінші орынды Медет Бұқарбаев (№9 Терісаққан мектебі), бірінші орынды Кемеңгер Жүсіпəлі (№11 Қоскөл мектебі) еншіледі. 90 келіде үшінші орынды Аман Уəлинов (№14 Алғабас мектебі), екінші орынды Ақжол Шубай (№8 Егінді мектебі), бірінші орынды Арман Шакимов (№1 Ұлытау мектебі) иемденді.

Жеке салмақ категориялары аяқталған соң, түйе балуанға үміткерлер белдесті. Жанкүйерлердің күткені де осы сəт еді. Бұл тартыстың бəсі анағұрлым жоғары болды. Балуандар жеңісті оңайлықпен қолдан бере қойсын ба, бірін-бірі біраз діңкелетті. Боз кілемнің астан-кестеңін шығарып шаңын қақты. Нағыз алыптарша айқасты.

Сөйтіп, шешуші сəтте түйе балуанға үміткер сарысулық Айдын Шахымға үшінші орын бұйырды. Екінші орын №1 Ұлытау тірек мектебі атынан шыққан Арман Шакимовтің еншісіне тиді. Осы белдесуде асығы алшысынан түсіп, аудандық Оқушылар үйінің «Туризм» үйірмесі жетекшісі Мирас Қанат «Тау барысы-2023» атағын жеңіп алды. Жеңімпаздың беліне арнайы белдік тағылды.

Бұл додаға спорт саласының мамандары төрешілік жасағандықтан əр белдесу əділ бағаланды деп топшыладық. Соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге тиісті марапатты, қаржылай сертификатты аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов пен аудандық білім қызметкерлері кəсіптік одағы ұйымының төрағасы Қанат Жылқыбаев тапсырды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.