Болат Ақшолақов: «Баға айырмашылығын азайту қажет»
Ішкі нарықтағы бензин мен дизель отынына деген сұранысты толық қанағаттандырып, жағдайды тұрақтандыру үшін көрші елдермен арадағы баға айырмашылығын азайту қажет. Егер дәл қазір бұл мәселені қолға алмасақ, кейін тапшылық туындауы мүмкін. Ал, ол елдің энергетикалық қауіпсіздігіне кері әсер етіп, экономиканың маңызды секторларының дамуына тұсау салады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты.
«Бұл қиын, бірақ қажет шешімге бару керекпіз, оны мойындау керек, яғни бөлшек саудадағы жанармай бағасын көтеру қажет. Осы тұрғыда АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін жеткізілмек, өсім – 11%. Дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен өсім – 20%. Қазір өңірге байланысты баға 230 теңгеден 260 теңгеге дейін болып тұр. Осындай бұйрықтың жобасы бүгін жарияланатын болады», — деді Болат Ақшолақов.