Болашақ үшін естелік: қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін Қарағандыда ғылыми-зерттеу институтын құру ұсынылды
Өткеннің тоталитарлық ақ дақтары мен мұрағаттарды толық құпиясыздандыру қажеттілігі туралы Қарағандыда өткен «Тарихтан тағылым — өткенге тағзым» ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған кездесу онлайн-режимде өтті. Оған белгілі қазақстандық тарихшылар, саясаттанушылар, этнографтар қатысты.
– Жарқын болашақ үшін ХХ ғасырдың қайғылы тарихын білу және есте сақтау маңызды. Бүгінгі конференция — қуғын-сүргін кезінде жазықсыз зардап шеккендердің барлығына құрмет көрсету болып табылады. Зиялы қауымның жарқын өкілдері жойылып, миллиондаған адамдар Қазақстан жеріне күштеп көшірілді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында тарихтағы ақ дақтарды жою, Алаш қайраткерлерінің бай мұрасын зерттеу қажеттігін атап өтті. Бүгінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік және өңірлік комиссиялар жұмыс істейді, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Конференцияға қатысушылар құжаттар мен мұрағат материалдары негізінде жаңа зерттеулер ұсынды. Академиктер Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Зарқын Тайшыбай, Жамбыл Артықбаев, журналист-жазушы Төрехан Майбас, саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы және т. б. сөз сөйледі.
– Қазақстан репрессия құрбандарын ақтау кезеңіне аяқ басты. Бір жылда көптеген жұмыстар атқарылды. Мен қуғын-сүргін тарихын зерттеу үшін мемлекеттік мекеме – ғылыми-зерттеу институтын ашуды ұсынамын. Бұл әлемдік трагедия туралы шындықты ашуға көмектеседі. Оны Қарағандыда құру керек, өйткені Қарағанды облысында КСРО-ның ең ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі Карлаг орналасқан еді. Қуғын-сүргін тарихын зерттейтін жақсы мектеп бар, – дейді Алматылық тарихшы Хангелді Әбжанов.
Әріптестер оның ұсынысын қолдады.
– Көптеген іргелі зерттеулерге қарамастан, әлі де көп ақ дақтар бар. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстандағы лагерлер саны туралы мүлдем басқа мәліметтер беріледі. Жалпы сәйкессіздікке байланысты елеулі шатасулар мен қателер бар. Жүйелі және жан-жақты зерттеу қажет. Мәселе мынада, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мұрағаты әлі күнге дейін жабық, онда «құпия» белгісі бар құжаттардың негізгі бөлігі шоғырланған, – дейді қарағандылық тарихшы Зәуреш Сақтағанова.
Конференция модераторы, Е. Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры, академик Нұрлан Дулатбеков бірде-бір ұсыныс назардан тыс қалмайтынына сендірді.
– Біз тарих сабағын нақты түсінуіміз керек. 1997 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Бұл естелік болашақ үшін – барлық ұрпақ үшін қажет, – деп атап өтті ол.
Конференцияда Жас ғалым Әділет Жағыпар «Алаш» қозғалысының және «Есеп» жастар ұйымының көрнекті тұлғалары туралы өз кітабын таныстырды.