Болашаққа – нық қадам
Ауданның барлық білім ошақтарында аттестат тапсырылып, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Жалпы, аудан бойынша 116 оқушы мектепті тәмамдап, ата-аналар мен ұстаздар қауымының көзқуанышына айналды.
Білім саласындағы ең жоғары көрсеткіш «Алтын белгі» десек, бұл жетістіктен аудан түлектері құр алақан емес. Биыл 9 мектеп бітірушінің бағы жанды. Тізбелеп көрсек, №1 мектептен – Дильназ Мұхтар, Айсұлу Төлеш, Айдана Сәдір, Айзат Нұрова, Бекзат Тахан, №10 мектептен – Гүлназ Раушан, №15 мектептен – Аружан Тұрысбекова, №7 мектептен Динара Қабден мен Айша Ниязхан «Алтын белгі» иегерлері атанды. Бұдан бөлек, тағы да бір топ түлек – №1 мектептен – Айбар Әбікен, Аида Еркін, Жанель Мейрамқали, Нәркез Мұхтар, Жансая Тілектес, №6 мектептен Айгерім Төлен мен Әлия Серік үздік аттестатты иеленді.
№1 Ұлытау орта мектебінің 11-сыныбын бітірген 38 түлекті ұстаздар қауымымен ата-аналар ақжарыла құттықтады. Салтанатты жиын эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбымен ұйымдастырылды.
Жиынның ашылу рәсімінде Мемлекеттік әнұран орындалып, Көк Байрақ көкке өрледі. Мектеп директорының міндетін атқарушы Қазыбек Мұқанов 9-сынып оқушылары мен түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ұлағатты ұстаздың тәлімді сөзін, тағылымды тілегін ата-аналар атынан Шәрипа әже ұтымды жалғастырды.
Жиын соңында түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мұғалімдер қауымы шәкірттеріне ақ жол тіледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ