«Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз»

Мəкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен жəне балқыту ісі тарихы музейінің ұйымдастыруымен «Жеңіс рухы» айлығы шеңберінде «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз» атты дəстүрлі ұрпақтар кездесуі өтті. Бұл – Жеңіс мерекесіне орай, ардагерлер аллеясында осымен жиырма екінші рет өткізіліп отырған дəстүрлі шара.

Алдымен, кездесу басталмас бұрын, ҚР Мемлекеттік Гимні орындалды. Бұдан кейін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан майдангерлер мен тыл ардагерлері рухына Жезді кентінің имамы Медет Жақыпбеков арнайы құран бағыштады.

Кездесуде аудан əкімі Аманжол Мырзабеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР ардагерлер кеңесінің мүшесі Сағындық Үсенұлы, аудандық мəслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов, «Қазақмыс» корпорациясы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқали Маменов, еңбек ардагерлері – Шаяхмет Үмбетов пен Құсайын Төлеубаев жəне ардагерлер ұрпақтары атынан Марат Төрегелдин сөз сөйлеп, Мəкен Төрегелдиннің жеткен жетістіктерін баяндап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Іс-шараға жиналған меймандар аллеяға өтіп, дəстүрге сай жеңімпаз ұрпақтан аманат болған қайыңдарды суару рəсімін өткізді. Бұдан соң «Тарих жəне тұлға: Мəкен Төрегелдин» атты көрмеге өтіп, экскурсия жасалынды. Осы ретте, аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы музейдің басшысы Зейпін Қазанбаеваға қасиетті Ұлытаудың келбеті бейнеленген кəдесыйды табыс етті.

Соңында жиналғандарға «Мақпал» дəмханасынан дəм беріліп, соғыс құрбандары рухына құран бағышталды.

 Аудан əкімінің баспасөз қызметі.