Биыл халық санағы өтеді
Әр он жыл сайын өтіп тұратын жалпыұлттық халық санағы өткен жылы өткізілуі тиіс еді. Алайда, індеттің салдарынан кейінге шегеріліп, сәті биыл түсіп тұр. Яғни, 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. Маңызды науқан «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!» ұраны аясында ұйымдастырылады.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санақты өткізу процесі толық автоматтандырылып, оған заманауи сандық технологиялар енгізілген. Соның нәтижесінде азаматтар сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктерін пайдаланатын болады.
Биылғы жылғы 1 қыркүйекте sanaq.gov.kz арнайы сайты өз жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап бере алады. Ал, дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында жүргізіледі. Ол санақтан онлайн-режимде өтпеген респонденттер арасында өтеді.
Бұған дейінгі өткізіліп келген санақтардан бір ерекшелік – интервьюерлердің үй аралау кезінде электронды планшеттерді пайдалануы. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді. «Санақ кезінде мәліметтер жинау үшін сәйкестендіргіш ақпарат ретінде сауалнамаға қатысушының ЖСН қолданылады. Бұл ақпараттың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді», – дейді сала мамандары.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ