Биыл Қарағанды облысындағы колледждерге қанша грант бөлінді?

Қарағанды облысының колледждеріне бүгінгі күні 6 мыңға жуық өтініш берілді. Қабылдау науқанының барысы туралы білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова өзінің Facebook-тегі парақшасында айтып берді.

«Қазіргі уақытта облыс колледждерінде оқуға құжаттар қабылдау жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен 8 115 грант бөлінді. Сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 700 орын қарастырылған», — деді ведомство басшысы.

Орын саны бойынша бірінші орында орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандарын даярлау (47,3%). Жұмыс кадрларын даярлау да едәуір үлесті (46,3%) алады. Медицина мамандарын оқытуға 515 орын немесе 6,4% бөлінді.

Басқарма басшысының ақпараты бойынша, қазіргі уақытта колледждерге 5 998 өтініш қабылданды, оның ішінде бюджеттік негізге – 4 893.

«Биыл қабылдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, тегін білім алғысы келетіндер үшін квоталар тізімі кеңейтілді. Енді квоталар 9 санат бойынша қарастырылған. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, осы мәртебесі кемінде үш жыл расталған толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін 1% квота қосылды. Баллдар тең болған жағдайда квоталық санат және аттестаттың орташа балы ескеріледі», – деп атап өтті Гүлсім Қожахметова.

Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, оқуға түсу емтихандары тоқтатылды. Конкурс аттестат бойынша — міндетті және бейінді пәндердің орташа балы бойынша өткізіледі.

Биылғы жылы облыста MyСollege платформасы құрылды, онда талапкерлер кәсіптік бағдарлау тестінен өте алады.

Орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандары үшін құжаттарды қабылдау ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Болашақ студенттер төрт колледж бен төрт мамандықты таңдай алады.

Талапкерлерді мамандықтар мен колледждер бойынша ақпараттық портал арқылы саралау 19-25 тамыз аралығында жүргізіледі. Колледждерге қабылдау 31 тамызда аяқталады.