Бірлік күнінің шуақты шаттығы
Татулық пен тұтастық – тəуелсіздік тұғыры екені əмбеге аян. Біртұтас елге айналған біздің байлығымыз да, үлгі өнегеміз де осы тату-тəтті бейбіт өмір. Соны айғақтайтын мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрам қазіргі таңда бірлік пен берекенің, жақсылық пен бейбітшіліктің, келісім мен өзара түсіністіктің символына айналды
Бүгінгі 1 мамыр – Бірлік мерекесі 1996 жылдан бері жаңаша сипатта тойланып келеді. Биыл да мерекенің мəн-маңызы айрықша болғаны анық. Бұл мерекені ұлытаулықтар да өз деңгейінде атап өтті. Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітовтің қатысуымен өткен мерекелік шара Ұлытау ауылдық округінің əкімі Талғат Əбжаппаровтың құттықтау сөзімен ашылды. Ауыл əкімі Қазақ елінің тұтас мемлекет болып қалыптасуындағы елдің бірлік пен татулығына, ұлтаралық қарым-қатынастың тұрақтылығына кеңінен тоқталып, жұртшылықты мерекелерімен құттықтады. Əр шаңыраққа шаттық, елге бірлік тіледі.
Мерекелік концерт шымылдығы күмбірлеген күймен түріліп, ырғақты бимен көмкерілді. Зəулім сахнадан əсем əннің нөсері төгілді. Əуелі асқақ үнді, арынды əнші Руслан Исмаилов «Өз елім» əнін орындап, патриоттық рухты көкке өрлетті. Осы тұста құлағымызға рухты саз, Ұлы даланың үні естілді. Талшыбықтай иілген бишілер тобының мың бұралған биі де көңілімізді шалқыған шаттықтың аясында толқытты. Аудандық мəдениет үйінің жігіттер тобы шырқаған əндері де тыңдарман жанарын өнердің жауһарына суарып, мерекенің шырайын аша түсті. Бұдан кейін де əсер құшағында болдық. Шеңбер ауылынан келген Ибраһим Оразалы «Байтақ елім» əнін орындап, сезімтал жүректердегі сырлы сезімдерді əнмен оятқандай болды. Дəл осы кезде əннің құдіреті жұртшылықты əсер құшағына бөледі. Əншіге деген көрерменнің қошеметі дуылдата қол соғумен білдірілді. Əсіресе, «Əрқашан күн сөнбесін» əнін орындаған өнерпаз бүлдіршіндер көрерменді тамсантты. Олар жұртшылықтың көңілінен, тыңдарманның талғамынан шыға білді. Бұған талғампаз тыңдарманның ыстық ықыласы дəлел. Концерт шымылдығын жергілікті əнші Əйгерім Əубəкірова балалармен қосыла шырқап, «Ақ көгершін» əнімен жапты.
Концерт аясында барлық өнерпаз шалқар шабытпен жанды дауыста əн шырқады. Осындай жағымен жезтаңдай əншілердің орындауында шырқалған əндер Ұлытау аспанын айрықша ажарға бөледі. Оның соңы спорттық сайыстарға ұласты. Алаңның екінші бір бөлігінде жылжымалы сауда ұйымдастырылды. Сөйтіп, іс-шараға келген көрермендер жарасқан ұйымшылдықпен мерекелік шараны думандатып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты
Қайрат ЖҰМАБАЙ