Бір ауылдың, Қараағаштың баласы едік…

Қасиетіңнен айналайын Қараағаштың халқы әр баласына кішкентайынан үміт артып, тілеуін тілеп, ақ батасын беріп, ақ сақалды қариялары мен ақ жаулықты аналарымыз үлкен өмір жолына бағыт-бағдар сілтеп отыратын.

Сол бір алақандай ауылдың топырағында түлеп, қияны көздей ұшқан асқақ арманды ұлдарының бірі Базарбай Әлеуханұлы еді…

Базкем бала кезінен үлкендердің өнегесі мен парасатты ақсақалдардың батасына кенеліп өскен азамат болатын.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзінен үлкен гитарасын иығына іліп алып, мектеп пен ауыл сахналарында «Әке жырын» әндетіп тұратын Базкемнің бала даусы сол кезде ауыл аспанын тербеткен болса, уақыт оза келе, оның қаламгерлік үні барша қазақ даласына жетті. «Дала, сенің балаңмын» деп, әдебиетке даланы жырлай қосылған Базкемнің өлең-жырлары ұлт поэзиясынан өз орнын иеленді. Сатиралық туындыларындағы астарлы әзіл-әжуалар, уытты мысқылдар талайдың мысын басты, ұйқысын қашырды, есесіне қалың оқырманның көңіл төрінен орын тапты.

Ал саналы ғұмырын түгелдей арнаған журналистік қызметі арқылы көптің көңіліндегісін айтты, халықты қамықтырған жағдайларды қаймықпай алға тартты. Ұлағатты жол нұсқап, талай шәкірт тәрбиеледі. Сол еңбегі оны қалың елдің құрметіне бөледі, сонымен бірге рушылдық дертіне шалдыққандардың іштарлығын қоздырып, әлгіндей «дерттілер» азаматтың адымын аңдып, аяқтан шалуға кірісті. Осындай қарау пиғылдылардың әрекеттерінен жайсаң азаматтың жаны жараланды, жүрегіне салмақ түсті. Оңай соқпады, денсаулығы сыр берді…

Ақыры Қараағаштың қойнынан мәңгі тыныштық табуға асыққандай, абзал жүрегі кенеттен тоқтады…

Тілеулес елдің жүрегі қан жылауда… Бақұл бол, Базкем!

Кенжебай АХМЕТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
филология ғылымдарының кандидаты.