Білім сапасы бақылауда

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ аудан орталығындағы бірқатар білім беру нысандарын аралап, олардың бүгінгі жәй-күйін бағамдады.

№1 Ұлытау орта мектебіне арнайы барған аудан басшысы мектеп ұжымы және оқушыларымен жүздесті. Мұнда аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Әбдірайымов аудан басшысына аталған білім ордасының материалдық-техникалық базасын таныстырып, білім беру бағытындағы соңғы жаңалықтарымен бөлісті. Бүгінгі күні білім ордасында 490 оқушы білім алуда. Мектеп оқушыларына арналған жаңа оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 25 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, компьютерлік кабинет, спортзал, кітапхана, «Еgov» орталығы жасақталған. Мұнан соң аудан басшысы аудандық білім бөлімі ғимаратында болып, онда «Өнер» мектебі мен Оқушылар үйінің бүгінгі жұмыстарының жай-жапсары пысықталды.

Бұдан кейін жұмыс барысы аудан орталығындағы «Өркен» балабақшасында жалғасты. Аудан басшысы 90 бала тәрбиелеп отырған балабақшаны аралау барысында бүлдіршіндерді тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарға куә болды. 2006 жылы пайдалануға берілген балабақшада жылу беру маусымына қатысты мәселе жоқ, 2021 жылы балабақшаның жеке жылу қазандығы салынып, іске қосылған.

Жасұлан АЯШЕВ