Білім саласында – бірегей серпін
Ағымдағы жылы облыста білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асты. 380 орындық 2 мектеп (Жезқазған қаласындағы «Жайлы мектеп» және Теректі ауылы) және 805 орындық 3 балабақша пайдалануға берілді. Оның ішінде Жезқазған қаласында 1 мектеп пен 1 балабақша ашылды.

Облыста алғаш рет аутизм спектріндегі балаларды қолдау орталығы жұмысын бастады. Сонымен қатар, 7 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 4-еуі Жезқазған қаласында. Биыл 28 пәндік кабинет сатып алынды.
Ағымдағы жылы 2,6 млрд теңгеге 2 мектептің құрылысы аяқталуда, ал Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында 2 балабақша салу үшін шамамен 7 млрд теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Жезқазғанда демеушілік есебінен Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Алдағы жылдары BINOM мектебі, «Білім-инновация» лицейі және интернат-жатақханалар салу жоспарлануда.
Білім сапасы да тұрақты өсіп келеді. 2025–2026 оқу жылының I тоқсанында облыс 61,7% көрсеткішпен республика бойынша 6-орынға шықты. «Алтын белгі» иегерлері 74 түлекке жетіп, екі есеге артты, оның 19-ы Жезқазған қаласынан.
