Бесаспап

Жуырда Ұлытау аудандық Оқушылар үйінің оқу жылының аяқталуына байланысты есеп беру кеші өтті. Онда аталмыш мектептен кейін білім беру мекемесінің №1 тірек мектеп жанындағы филиалының «Алғашқы техникалық модельдеу» үйірмесінің жетекшісі – Қазбек МҰҚАНОВ өзінің шəкірттерімен бірлесе отырып, жасаған жаңа жобасының таныстыру рəсімін өткізді.

Жаңа жобаны көрген жұртшылық «апырай, ə» деп бастарын шайқасты. Шайқамасқа амал да жоқ еді. Шалғайдағы ауыл мектебінің қарапайым ұстазы жетекшілік еткен үйірме оқушылары мынадай дүние құрастырып шығарады деп кім ойлаған. «Бұл не дүние болды екен?», дейсіздер ғой. Ол – төрт дөңгелекті, қозғалтқыш моторы бар, екі адамға арналған, жол талғамайтын «БАГГИ» деп аталатын көлік. Иə, кəдімгі көлік. Бұған қалай таңданып, бас шайқамайсыз.

Таныстыру барысында аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы оқушылардың қолынан шыққан жұмысқа оң бағасын беріп, лентасын қиып, үйірменің алдағы жұмыстарына сəттілік тіледі.

– Біз осыған дейін шағын модельдермен айналыса бастадық. Атап айтар болсам, автокөлік, ұшақ, қайық жəне басқа да шағын макеттер жасап жүрдік. Өткен оқу жылында веломобиль жасадық. Одан кейін балаларға да өзіме де «кəдімгі мотормен жүретін көлік құрастырсақ» деген ой келді. Нəтижесінде жоспарымыз іске асып, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай «БАГГИ» көлігін құрастырып шығардық. Көлемі 150 куп, автоматты қозғалтқыш, шамдары бар, дабыл бергіші жұмыс жасайды.

Көлікті құрастыру үшін бізге əртүрлі саймандар қажет болды. Шамамен бір жарым ай уақыт аралығында жасап шығардық. Оқушыларым маған қолдарынан келгенше көмектерін көрсетті. Бүгінгі таңда үйірмеге келуші оқушылардың қатары артып келеді.

Жобаның мақсаты – оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдық ынтаға, шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі мəселелерді шеше білуге үйрету. Жаңа ғылыми ізденіске жетелеу, техникалық мамандықтың модельдеу өнерінің қыр-сырын үйрету болып табылады. Маусым айында аудан орталығындағы көшелерді «БАГГИ» көлігімен аралау жоспарлануда, – дейді Қазбек мұғалім.

Хоош. Сонымен бұл іске мұрындық болған Қазыбек Мұқанов кім болды екен деген сауалдың да көпшіліктің көкейінде тұрғаны анық. Енді соған келейік. Қазыбек Мұқанов Ұлытау ауылының тумасы. Əкесі Шəкарман Мұқанов ұзақ жыл Ұлытау ауданының ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққан еді. Зейнет демалысында жүргенде де қарап отырмады. Өмірінің соңына дейін аудандық «Ұлытау өңірі» газетінде тілші, редактордың орынбасары қызметін атқарды.

Тілшінің тіршілігін кім көрінген алып жүре алмайтыны бесенеден белгілі. Ал, Шəкарман ағаның бұл салаға қаймықпай келіп, түрлі тақырыптарға қалам тартып, артында қарымды дүниелер қалдырғаны ол кісінің зердесінде жатса керек. Сөзге шешен, əңгіменің майын тамызып айтатын Шəкеңмен аз уақыт қызметтес болғанымда көп жайды аңғардым. Тіпті сол күнге дейін газетке қызметке келмей жүргеніне қайран да қалдым. Оны өзінен сұрадым да. Сонда жарықтық, «Ол кезде газетте мүйізі қарағайдай журналистер жүрдіңдер ғой. Қазір ғой, кадр тапшылығы танылып тұрғаны. Ауданның жылнамасын жазып жүрген басылым журналистер жоқтықтан жабылып қалмасын деп, келдім» деген еді.

Осындай əкеден тəлім-тəрбие алған бала қалай жаман болсын. Қазыбек те ат жалын тартып мінген шағынан еңбекке араласып, əр бастаған ісін аяғына жеткізуге қалыптасты. Институт бітірген соң қазіргінің жастарындай қалада қалам демеді. Қалада қалуға қабілет-қарымы да жететін. Бірақ, өзі туып өскен ауылға келіп, өзі түлеп ұшқан №1 мектепке мұғалім болып орналасты. Содан бері осы мектептен қол үзген емес.

Ал енді, тақырыпты неге «бесаспап» деп қойғаныма келейін. Қазыбек нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін жігіт. Мектептегі қызметін айтпағанда, əкесінен қалған жерді игеріп, шөбін шауып, малын өсіріп отыр. Бұл əрине, ауылдағы əрбір бала білетін, көзі қанығып өсетін шаруа ғой дерсіз. Бірақ, бəрі бірдей Қазыбек сияқты тракторда отырып шөп шаппайды, Қазыбек сияқты машинаға отырып шабылған шөпті тасымайды. Осы істерге өзінің қыры болмай, кісіні жалдайтындар да бар.

Мектептегі қызметінің өзі бір əлем. Ол темірден де, ағаштан да түйін түйеді. Суретті да салады. Сурет салғанда нобайы қандай болуы керек екенін ауызша айтсаңыз болды. Тура сіз айтқандай, сіз қалағандай салып береді. Оған өзім талай рет куə да болдым. Аудандық газетке керек достық əзілдер мен шарждардың суретін осы Қазыбекке талай салдырғанбыз да

Мектептегі бұрынғыша айтсақ – еңбек, бүгінгіше – технология кабинеті кірсеңіз шыққысыз. Бейне бір музейге келгендей боласыз. Сөрелерде тұрған əртүрлі техникалардың макеттері, құрастырылған дүниелер бірінен бірі өтеді. Тіпті, оқушылардың қолымен құрастырылған дрон зауыттан шыққандай. Осылардың бəрі Қазыбек Мұқановтың басшылығымен жасалынған дүниелер.

Енді міне, кəдімгі машина құрастырып елді таң-тамаша қалдырып отыр…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ