Бесаспап
Қарсақбай металлургия зауытының құю-механикалық учаскесінде еңбек ететін жігіттерді шетінен бесаспап десе болады. Өйткені олар шойынды балқытудан бастап, оны құю, құю үшін қалып дайындау сияқты жұмыстардың үнемі басы-қасында жүреді. Жүріп қана қоймайды, сол іспен кəдімгідей айналысады.
Солардың қатарында Асыл Аңсағаевтың орны бір бөлек. Ол шын мəнінде «бесаспап» деп атауға болатын жігіт. Өйткені ол осы зауытқа токарь болып келіп, қалыптаушы, одан кейін құюшы мамандықтарын кезең кезеңімен меңгерді.
Əсілі, Қарсақбайдың азаматтары жұмыс іздеп, кенттен қашыққа кеткілері жоқ. Өйткені өздерінің көңілі қалайтын жұмысты алысқа бармай-ақ осы жерден тауып, нəпақасын көріп жатыр. Асыл да мектеп бітірген соң бірден зауытта еңбек етуді қалады. Зауыт басшылығына келіп, өтініш білдірді. Мұндағылар оның өзі туып-өскен өңірді түлетуге деген тілегін бірден құп алды. Сөйтіп ол 2005 жылы құю-механикалық учаскесіне токарьдың шəкірті болып қабылданды.
Тапсырған істі тиянақты орындайтын, жұмысқа құлшынысы зор жігітті учаске басшылығы жұмыс күші жетіспейтін жерлерге жұмсап, сынап та көрді. Ол бұған «қыңқ» демеді. Қалыпшы да болып, түрлі бұйымдардың қалыбын жасады. Құюшы болып, қызыл жалын атқылаған шойынды сол қалыптарға құйды да.
– Құюшылық жұмыс маған қатты ұнады. Əрине, қаупі де басым. Абайламасаң ұшқын шашқан шойынға не өзің күйіп қалуың, не біреуді күйдіріп алуың мүмкін. Бірақ, ыстық лавадай балқыған шойынды қалыптарға сыздықтата құю – сөзбен айтып жеткізе алмайтын əрекет. Мені сол қызықтырды. Ақыры, құюшылықты дендеп меңгердім, – дейді Асыл өзінің кəсібі жайлы əңгімелегенде.
Балқыған шойынды бағындырып, одан қажетті дүние құйып шығару, шын мəнінде, мықтылардың мықтысы меңгеретін мамандық. Асыл Аңсағаевтың осы кəсіпті игергеніне жиырма жылға жуықтап қалыпты. Бүгінде ол – өз кəсібінің маманы, ұжым мақтанышы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Суретте: құюшы А.Аңсағаев.