БЕС ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСТЕН – БАЯНДЫ БОЛАШАҚҚА

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Жиында партияның соңғы бес жылдағы қызметінің қорытындылары сараланды.

Қарап тұрсақ, осы жылдар аралығында атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай-ақ екен. Мысалы, бес жыл ішінде партияға 1,2 миллионға жуық адам жүгініпті. Өтініштердің 92%-ы бойынша оң шешім қабылданып, тегін кеңес беріліп, құқықтық көмек көрсетілген. Нұротандық депутаттар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары 180 мыңға жуық қабылдау өткізіп, 340 мыңнан астам азаматтың өтініші-тілегіне құлақ түрген. Өтініштердің 72%-ы оң шешімін тауып, 28%-ы бойынша түсіндірмелер мен қажетті кеңестер беріліпті. Пандемияға қарамастан, қоғамдық қабылдаулардың жұмысы онлайн-форматта жалғасып, электронды түрде 339 мың өтініш қабылданған. Айта кету керек, мұның өзі партияның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» 2014 жылы елімізде бірінші болып «Электронды партия» жобасы аясында қоғамдық онлайн-қабылдау бөлмесін, веб-портал ашып, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы коммуникацияның жаңа арналарын енгізгендігінің арқасында мүмкін болды.

Пандемия кезінде қиыншылыққа ұрынған отбасыларға, әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін «111 шұғыл қызмет» байланыс орталығы іске қосылды. Екі айдың ішінде үш мыңнан астам өтініш бойынша заң кеңестері беріліп, психологиялық көмек көрсетілген. Сондай-ақ, партиялық бақылау комитетінің араласуымен 9,3 мың медицина қызметкеріне өтемақы төленді.

Nur Otan – пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарына алғашқы болып қарсы тұрған қоғамдық-саяси ұйымның бірі. Партия Төрағасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қоры 2,2 милионнан астам адамға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы екі мыңнан астам медицина қызметкеріне материалдық көмек көрсетті. Халықтың әлжуаз топтарына жататын 100 мың отбасына 5 млн. дана медициналық маска тегін таратылды. Бір миллионнан астам адам 4,4 млрд. теңге сомаға бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Мақтааралда су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға арнап 32 үй салынып, бір мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді.

Айта кету керек, «Nur Otan» партиясы нақты әлеуметтік топтардың мәселелерін жобалық тәсіл негізінде шешіп келеді. Мысалы, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы арқасында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің 200 мыңнан астам әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешімін тапты. «Бақытты отбасы» жобасы аясында 1300-ден астам білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелеріне мониторинг жүргізіліп, бала құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру тұрғысынан заң жобаларына 45 ұсыныс енгізілген.

«Кедергісіз келешек» жобасы бойынша ерекше қажеттіліктері бар 40 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, 24 мыңнан астам нысан соларға ыңғайландырылды. Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептерде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылған.

Партияның «Jas Otan» Жастар қанатының да жұмысы белсенді және нәтижелі. Мысалы, олар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңеспен бірлесіп, жоғары оқу орындары мен колледждерді тексерді. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам студенттің жатақханалардағы өмір сүру жағдайы жақсарды. «Жастар – Отанға!» бағдарламасы аясында соңғы 5 жылда 13 мыңнан астам жас буын жұмысқа тұрды. Жастар бастамаларының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын қаржыландыру 2,5 есе өскен.

Елбасы жетекшілік ететін партия өз ішіндегі тәртіп пен жариялыққа ерекше мән береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес партия үшін принципті мәселе болып қала береді. Бұл тұрғыда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек былай деді:

– Биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруға байланысты шаралар қолға алынып, партияның Мәжілістегі және мәслихаттардағы депутаттық фракцияларының жұмысы жандандырылды. «Партия қатарын тазарту» аясында Жарғы мен Этика кодексін сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 240 мыңнан астам адам, сыбайлас жемқорлықа қатысты құқық бұзушылығы үшін 610 адам партиядан шығарылды. Өз кезегінде «Nur Otan» праймеризі еліміз үшін елеулі саяси оқиғаға айналып, іс жүзінде «Мықты лидерлер – Мықты партия» формуласын іске асырды.

Сонымен, Саяси кеңес отырысы партияның Жарғысы мен Саяси Доктринасына өзгерістерді қарап, Үкіметтің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі есебін алдын ала мақұлдады. Сондай-ақ, праймериздің 78 жеңімпазы енген Мәжіліске арналған партиялық тізімді, жұмыс органдарының құрамы мен партияның кезектен тыс XX съезінің күн тәртібін бекітіп, осылайша өз жұмысын қорытындылады.

Біз жетекші партияның сайдың тасындай іріктелген үміткерлеріне алдағы болатын Парламент сайлауында жеңіске жетіп, ел сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етсін деген тілек білдіргіміз келеді!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі,

Қарағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын

жүзеге асыру жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі,

облыстық мәслихаттың депутаты.