Берік ӘБДІҒАЛИ: «Сайлау – елдігіміздің сынға түсер шағы»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали елордада өтіп жатқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде айтты. 

-Халқымыз бүгін өте бір жауапты кезеңді бастан кешіп отыр. Әлемге жайылған пандемия, саяси қайшылықтар мен қаржылық қиындықтар белең алды. Мұның бәрі біздің елге де әсер ететіні сөзсіз. Осындай шақта – отыз жылдық белесті еңсерген Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мақсатымызды бір арнаға тоғыстыру – алдымызда тұрған ең өзекті мәселе. Қазақ елі – бүгінде ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай татулық орнатқан шуақты шаңырақ. Бұл – шаңырақтың діңгегін көтеріп, өз қолымен уығын қадаған Елбасымыздың ерен еңбегі, – деді Б.Әбдіғали.

Ол атағандай, осы жолы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс партия филиалдары әрбір аймақтың ерекшелігін ескеретін 216 өңірлік арнайы бағдарламасын қабылдап, ел алдында соны орындауға міндет алды.

-Жаңа ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы таныстырған партияның сайлауалды бағдарламасы – осы 216 құжаттың жиынтығы деп айтуға әбден болады. Мемлекет басшысының жақында ғана жасаған Жолдауындағы реформаларға негізделген кесек-кесек бағыттардан тұратын бұл құжат – іске асыруға ыңғайлы, барлық шығыны есептелген нақты бағдар. Маңыздысы – қарапайым азаматтарды мемлекет деңгейіндегі шешім қабылдауға және оларды жүзеге асыруға араластыру көзделген. Ауылдың тұрғыны ретінде мені бағдарламадағы «Ауқатты ауылдар» бөлімінің болғаны қатты қуантады. Өйткені ауыл – ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту дегеніміз – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильді телефон байланысы мәселелерін шешу, – деді Берік Әбдіғали.

Берік Әбдіғали Ұлытау өңірінде этнотуризмді дамыту жұмыстары және «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.

«Партия бағдарламасында алдағы жылдары Сарайшықта, Ордабасы мен Сауранда, Берел мен Шіліктіде, Бозоқта туристер келетін арнайы визит-орталықтарының салынуы жоспарланған. Сайлау – елдігіміздің сынға түсер шағы. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында — бұл сыннан да абыроймен өтетінімізге кәміл сенемін», – деді ол.

Аягөз ҚҰРМАШ.