Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласының перзентханасына барды
Соңғы уақытта Жезқазғанның әртүрлі аудандарында жылумен жабдықтау сапасына, оның ішінде денсаулық сақтау нысандарына шағымдар жиілеп кетті.
Осыған орай, облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласындағы облыстық көпсалалы аурухананың жанындағы перзентханаға барды.
Шараға мемлекеттік мекемелердің басшылары, Ұлытау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Сатыбалдин, Жезқазған қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Дайрабайұлы және БАҚ өкілдері қатысты.
106 төсек-орынға арналған (96 тәулік бойы және 10 күндізгі) медициналық мекеме 2022 жылдың 7 қыркүйегінде ашылды. Қазір мұнда 105 маман жұмыс істейді.
Сапар барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Л.Ранова мен «Жезқазған қаласының облыстық көпсалалы ауруханасы» КММ директоры М.Әбсалық перзентхананың үй-жайларында жылумен жабдықтау желілері мен басқа да коммуналдық жүйелерді қоса алғанда күрделі жөндеу жүргізілгенін хабарлады. Сондай-ақ, мұнда қабырғалар жылытылған.
Өз кезегінде облыс әкімі облыстық көпсалалы аурухана басшылығына жылумен қамтамасыз етудегі елеулі олқылықтарды айтып, өзінің қыркүйек айындағы сапарында жылыту маусымына толық дайындық туралы баяндалғанын атап өтті. «Перзентхана ана мен балаға қамқорлық жасауда, халықтың денсаулығын сақтауда өте маңызды. Сондықтан біз денсаулық сақтау нысандарына ерекше назар аударамыз. Перзентхана неге қысқа толық дайын болмады? Жақында ғана облыстық бюджеттен жертөлелерді жөндеуге қосымша 24 миллион теңге бөлдік», — деді Б.Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ, рейд барысында Жезқазған қаласының ЖЭО-дан медициналық мекемеге жылу беретін трассада қысымның іркілуі анықталды. Осыған байланысты өңір басшысы көпсалалы аурухана мен жақын маңдағы медициналық мекемелерге орталық жылу беруден тәуелсіз автономды жылыту жүйесін орнатуды ұсынды.
Қазіргі уақытта перзентханадағы температура режимі белгіленген нормаларға сәйкес келеді. Аурухана әкімшілігі тарапынан қосымша шаралар қабылданғандықтан, трассадан жылу беру қысымы реттелді. Жалпы, аурухананың жылыту жүйесінде диаметрі 150 жаңа 2 қақпа, сорғылар, 2 манометр, 2 температура датчигі орнатылды, медициналық мекеменің терезелеріндегі резеңке тығыздағыштар ауыстырылды. Облыс әкімінің сапары кезінде перзентхананың үй-жайларындағы ауа температурасы Цельсий бойынша 28 градусты көрсетті.
Қорытындылай келе, өңір басшысы жылыту жүйесінің жұмысын жақсарту және аурухана үй-жайларында жылуды сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, жаңа туған нәрестелер мен аналарды күтпеген төтенше жағдайлардан қорғау үшін ескі перзентхана ғимаратының бір бөлігін резервке дайындауды тапсырды.
Сондай-ақ, облыс және қаланың Қоғамдық кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.