Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі лауазымына Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
«Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындалсын», — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 11 маусымындағы №914 Жарлығында.
Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы Қарағанды облысының Рудник кентінде (қазіргі Жезқазған кенті) туған. Білімі жоғары: 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Тарих және қоғамтану оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1989 жылы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында кітапханашы болып бастаған. Әр жылдары Президент жанындағы Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институтында қызмет етті. Бөлім меңгерушісінің орынбасары міндетін атқарған және басшының орынбасары лауазымында болған. Сондай-ақ Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
1999-2000 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау орталығы (Астана) меңгерушісінің орынбасары болды. 2001-2002 жылдары Теміртау қаласы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2012 жылы Жезқазған қаласының әкімі болып тағайындалды және осы жылы Премьер-Министр Кеңсесіне өтіп, бірінші вице-премьердің кеңесшісі болды.
2013 жылы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.
Мәдениет және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі болды, ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығын басқарды.
Берік Әбдіғалиұлы екі рет, яғни 2010 және 2019 жылы Ұлытау ауданының әкімі қызметін атқарған.
Осы тағайындауға дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды.