Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен мәслихат депутаттарының келісімімен Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі болып тағайындалды. 

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен келіп, Ұлытау облысының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының жиналысына қатысты.

Жиналыс барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары депутаттарға облыс әкімі лауазымына екі кандидатураны – Берік Әбдіғалиұлы мен Асқар Ыдырысовты қарауға енгізу туралы ҚР Президентінің хатын оқып берді.

Ашық дауыс беру нәтижелері бойынша депутаттардың көпшілігі Б.Әбдіғалиұлының кандидатурасын қолдады. Облыс басшысын тағайындау туралы Жарлыққа Қ.Тоқаев қол қойды.