Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес өткізді

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен кеңес өтті. Онда 2023 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау бойынша ұсыныстар қаралды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты.

Айта кетейік, бюджеттік өтінімдер жалпы сомасы 3 млрд 959 млн 240 мың теңгеге қолдау тапты. Оның ішінде ірі жобаларды қаржыландыру, соның ішінде: «Қарлығаш» шипажайының ғимаратын жөндеу, Сәтбаев қаласының ауруханасын күрделі жөндеу, перинаталдық орталықтың ғимаратын жөндеу, «Ұлытау су қоймалары» КМҚК құру, Атасу және Бидайық ауылдарында ФАП салу, «Балбөбек» (Қаражал қ.) балабақшасының қазандығын ауыстыру және т.б.бар.

Талқылау қорытындысы бойынша облыс әкімі бюджет шығыстарын және өңіріміз үшін басым бағыттарды оңтайландыру жөнінде тапсырмалар берді.

Сондай-ақ кездесу барысында жиналғандарға ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапарының қорытындысы бойынша әзірленген Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының жол картасы туралы баяндалды. Жол картасы тоғыз негізгі бағыт бойынша 39 іс-шараны қамтиды: ТКШ, көлік инфрақұрылымы, индустриялық-инновациялық даму, АӨК, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және т.б.

Берік Әбдіғалиұлы арнайы Жол картасы шеңберінде іс-шараларды уақтылы және сапалы іске асыру жөніндегі жұмысты ерекше бақылауға алу қажеттігіне назар аударды.

Аталған іс-шаралар жоспары, атап айтқанда, Жезқазған қаласының батыс ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуды, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жеті мектеп салуды қамтамасыз етуді, Ұлытау облысының аумағында Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының учаскелерін реконструкциялауды бастауды, Есқұла су құбырының құрылысын аяқтауды және басқа да бірқатар ірі жобаны көздейді.