Берері мол берекелі шара
Облыс орталығында өткен «Жұмысшы мамандықтар саябағы» фестиваліне қатысушылар осындай баға берді. Мемлекет басшысы үстіміздегі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы орайда өңірімізде жұмысшы мамандығының мəртебесін көтеріп, мамандық иелерін дəріптеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі де бірегейі ретінде «Жұмысшы мамандықтар саябағы» фестивалін атап айтуға болады.
Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан облыс əкімі Дастан Рыспеков бұл берері мол берекелі шараның мақсаты мен жұмысшы мамандықтарының өңіріміз үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
– Бүгінгі фестиваль сіздер үшін мамандық таңдауға бағытбағдар беріп, өз болашақтарыңызды айқындауға мүмкіндік сыйлайды. Əркім өзінің сүйікті ісімен айналысып, қоғамға пайдасын тигізсе, бұл – нағыз жетістік. Жұмысшы мамандығын таңдау – бұл абыройлы таңдау, – деді өңір басшысы қонақтар мен жас жерлестерімізді шараның ашылу салтанатымен құттықтай келіп.
Салтанатта сөз алған «Қазақстанның Еңбек ері» Тұрсынбек Макишев аталмыш фестиваль жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың саналы таңдау жасауына серпін беретінін тілге тиек етті.
«Жұмысшы мамандықтар саябағы» 3 күнге жоспарланған. Осы үш күн бойы фестиваль шеңберінде шеберлік сыныптары, кəсіптік сынақтар мен шеберлік байқаулары ұйымдастырылып, дайындық сабақтары өткізіледі. Бұл шаралар жас жерлестерімізді нағыз еңбек əлеміне жетелеп, жұмысшы мамандықтарының құндылығын сезіндіруге, олардың бойындағы қабілеттерді ұштауға бағытталады.
Орайы келгенде айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар саябағында» Ұлытау облысындағы техникалық жəне кəсіптік білім беру колледждерінің ұйымдастыруымен 15-ке жуық арнайы көше атауы берілген көрме ұйымдастырылды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.