Бензин мен дизель отынының бағасы өседі
Елімізде бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттайды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елдегі жанармай өнімдеріне деген сұранысты толық қанағаттандыру үшін жасалып отырған қадам. Әрі бағаны өсіру арқылы көрші елдерге шығарылып жатқан «ағынға» шектеу қоюға мүмкіндік берілмек.
«Қазіргі төмен бағаларды сақтап отырсақ, біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз.
Екіншіден, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге «ағын» жалғаса береді, оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер нәтиже бермейтіні анық.
Үшіншіден, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты нығайтып, ұлттық экономикаға, мүддеге кері әсерін тигізеді.
Төртіншіден, жанармай бойынша төмен бағаны сақтау мұнай-газ саласына инвестиция тартуға, оны дамытуға, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ресурстық базаны толықтыруға мүмкіндік бермей отыр», — деді Болат Ақшолақов.