Белсенділік танытуымыз қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуіне орай, алдағы сайлау Конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін болды. Қазір аймақтарда Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбеге сәйкес саяси науқан басталды.

Үстіміздегі жылдың 10-қарашасынан бастап сайлау процесінің жаңа кезеңі басталды. Ол – барлық деңгейдегі депутаттыққа кандидаттарды ұсыну және тіркеу. Бұл өз кезегінде демократиялық принциптердің бірден бір бастысы болып табылатын баламалы сайлау өткізуді қамтамасыз етеді.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы – белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі әр саяси партияның жоғары органының шешімімен бекітіледі және Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.

Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін ұсыну 30 қарашада аяқталады. Жасы 25-ке толған, Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы 10 жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады.

Облыстық және жергілікті деңгейдегі депутаттыққа кандидаттарды партиялық тізімге орналастыру тәртібі саяси партияның тиісті филиалының жоғары басшы органының шешімімен айқындалады және тиісті аумақтық сайлау комиссиясына жіберіледі. Партиялық тізім бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 4-желтоқсанда аяқталады. Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.

Партиялық тізімдерді тіркеу биылғы жылдың 10 желтоқсанында аяқталады. Тіркеуден кейін депутаттыққа кандидаттардың партиялық тізімдері БАҚ құралдарында жарияланады. Партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу тәртібі осындай.

Қазір сайлаушылар тізімі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Нақтылы сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі негіз болады.

Сонымен қатар, әр азамат өзінің сайлаушылар тізімінде бар екендігін мына сілтеме арқылы анықтай алады: http:// sailau09.kz/kk

Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастардың тартылуы. Елбасының жастардың қайсар да жігерлі мінезі мен ұшқыр ойлы біліміне үміт артуы қазақстандықтардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді деген ойдамын.

Сөзімді түйіндей келе айтарым, біз ел дамуының жаңа және жауапты кезеңіне аяқ басып отырмыз. Оның барысында бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайта түсу арқылы ғана өз жетістіктерімізді қорғап, Отанымызды дамудың жаңа белестеріне шығара аламыз. Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету – ортақ парызымыз. Олай болса, осы жолда біз, қоғам мүшелері де азаматтық белсенділігімізді танытуымыз қажет!

Жасұлан МҰҚАШОВ.

№703 Борсеңгір сайлау комиссиясының төрағасы.