Белсенді жастар марапатталды

12 тамыз — Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ белсенді жастармен кездесті. Аудан әкімі ауыл жастарын аталмыш мерекемен құттықтап, ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысқан Бекзат Жанкелді, Әмірхан Есенқабыл, Альмира Оспан, Бақытгүл Бейбітова, Мөлдір Жаппасоваларға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

«Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Тəуелсіз ел іргесінің берік болуы білімді мамандардың, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кең азаматтардың қолында», – деп Елбасымыз жастарға зор сенім артқан еді. Біздің ауданымызда да өз саласының білікті маманы, кәсібің дөңгелеткен белсенді жастар бар.

Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал жаңа идея Қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, «Мәңгілік ел» болуына нық қадам бастайды.

Осы тұрғыда аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы қашанда ауыл жастарын қолдайтынын айтып, ауданымыздың дамуы тұрғысында көкейлерінде жүрген кез келген сауал мен ұсыныстарды қабылдауға әзір екенін жеткізді.

«Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстан жастарының міндеті. Сондықтан еліміздің əрбір азаматы басты байлығымыздың Тəуелсіз Қазақстан екенін əрдайым естен шығармауы тиіс. Қазіргі дерт дендеген, әлем болып күресіп жатқан пандемия кезінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып елдің амандығы үшін вакцина алуға шақырамын»,- деді аудан әкімі.

Өз тілшімізден.