Белгілі журналист Базарбай Әлеуханұлы өмірден өтті

ҚР Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Базарбай Әлеуханұлының өмірден өтуіне байланысты марқұмның зайыбы Бағдат апайымызға, балаларына, жақын жуығына қайғырып көңіл айтамын.


 
Базарбай Әлеуханұлы – журналистикадағы еңбек жолын «Орталық Қазақстан» газетінен бастап, өңіріміздің айшықты жаңалықтарын қоғам назарына алғаш болып ұсына білді. Қаламы қарымды журналист Ұлытау облысының ғана емес, тұтас Арқа даласының өнері мен мәдениетін, елді алаңдатқан мәселесін, өмір салтын шығармаларына арқау етті. Саналы ғұмырында қаламын серік еткен азаматтың артында жанға азық болар естеліктері қалды.

Қарағанды политехникалық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітірген біртуар азамат өндіріс саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Бұл тәжірибесі марқұмның қазыналы аймағымыздағы өндіріс тақырыбында да қаламын еркін тербеуіне жол ашты.

Жан-жақты азаматтың өңірдегі тележурналистиканың қарыштауына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. 60 жылдан астам уақыт Жезқазған қаласының айнасына айналған «Дидар» телеарнасына Базарбай Әлеуханұлы өзінің ширек ғасыр уақытын арнап, басшылық етті. Әр жаңалық пен бағдарламаның басы қасынан өзі табылып, шынайы ақпарат тарату жолында бар күш-жігерін салды. Қазіргі уақытта өңірімізде қызмет етіп жүрген әр журналисті Базарбай Әлеуханұлының шәкірті деуге толықтай негіз бар. Өзі еңбек еткен «Дидар» телеарнасының жаңа атауға ие болып, облыстық сатыға көтерілгеніне де куә болды. Осылайша тележурналистикада да марқұмның өзіндік даңғыл жолы қалыптасты.

Марқұм зейнет жасына жеткен шағында да қарап қалған жоқ. Ақтық демі үзілгенше қаламы жанынан табылды.

64 жыл ғұмырында аймақтағы айшықты еңбегімен есімі еленген азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Жаратушы иман байлығын берсін. Жақындарына сабыр, ұзақ ғұмыр тілеймін.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.