Бауырмалдық – басты құндылық

Қазақстандықтардың ең бағалы қасиеті – мейірімділік пен бауырмалдық. Ұлы Даланың бағзы күндерден қалыптасқан бұлжымас заңдылығы қонақжайлылық пен өзге жандарға қажетті жағдайда еш есепсіз көмек қолын созу екендігі белгілі. Қазақ елінің Тәуелсіздігі жарияланған кезеңнен бері де сол ерекшеліктің болмыс-бітіміне мысқалдай сызат түспегені анық. Түрлі ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен бірлігі – осы тұжырымның айғағы.

Олардың әрқайсысы елдің өркен жайып, жердің халық игілігіне қызмет етуіне айтарлықтай қомақты үлес қосып келеді. Береке дарыған бейбіт өмірдің арқасында бақытты тірлік кешіп, ұрпағын өсіріп, өрбітуде.

Қазақстанның халқы мен олардың мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұлттық қазына деп танысақ, еш қателеспейтініміз күмәнсіз. Сол себепті, біз Бірлік күні мерекесінде ел аумағындағы тыныштық пен тұрақтылықтың нығая түсуі әр азаматтың танымы мен түйсігіне тікелей байланысты екендігін тағы бір мәрте таразылап, тиісті тұжырымдар жасаймыз. Қалай десек те, түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы өзара достық пен сыйластық – біздің Отанымыздың мызғымас беріктігінің кепілі.

Қазақ даласына тағдыр тәлкегімен келген өзге ұлттардың өкілдері жергілікті халықтың қамқор пейілі мен шынайы жанашырлығының арқасында бастарынан алуан қиыншылықты өткере жүріп, Ұлы Даланың өз перзентіне айналып кетті. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларының қазақ халқына риясыз ризашылығы мен айрықша ілтипатын естіп, көріп, сезініп өскен буын. Сондықтан да, Қазақстан – олардың туған Отаны.

Мен – солардың бірімін. Алыс ауылда, қазақтардың ортасында туып, есейдім. Жүрген ортам да, сыйлас достарым да жергілікті ұлттың өкілдері болды. Аса құнарлы қазақ тілі өзімнің ана тілім сияқты. Бұл – менің бақытым. Бұған дейінгі ғұмырым Қазақстанмен қаншалықты байланысты болса, болашағым да осы елмен, осы жермен ажырағысыз күйде боларына күмәнсіз сенемін. Шынымды айтсам, менің басыма бұдан басқаша мазмұндағы ойлар кіріп те шықпайды. Себебі, Қазақстан – менің тағдырым!

Осы елде тұратын халықпен бірге, қазақы ұғыммен айтқанда «бір шаңырақ астында» ғұмыр кешу, Отанымыздың ертеңі үшін еңбек ету, ұрпақ қызығына кенелу – басты мұрат, басты бақыт!

Петр НАБАЛЬСКИЙ,

«Бақдәулет» шаруа қожалығының жұмысшысы.