Батылдығымен ерекшеленген ағайындылар
Аптап ыстық пен құрғақшылық өрт қаупін арттырды. Біздің Ұлытауда ғана емес, жалпы еліміздегі жағдай – осы. Әбден қурап, сыңғырлап кеуіп тұрған қу шөп ұшқын тисе болғаны, гу ете түскелі тұр. Оны дер кезінде ауыздықтап, алапат апаттың бетін қайтаруда маманданған өрт сөндірушілерден бөлек, қарапайым тұрғындардың да еңбегі зор. Бүгінгі мақаламызда Жетіқоңыр ауылының тұрғындары – ағайынды төрт жігіттің азаматтығы туралы айтпақпыз.
Бұл азаматтардың ерлік істері туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі ұсынған хабарлама – жезқазғандық Бауыржан Бегенов есімді азаматтың жазбасынан білдім. Әрине, елге қауіп төнгенде бұғып қалмай, батылдық танытқан жандар қашан да құрмет пен үлгі тұтуға лайық.
Тамыз айының бас кезінде Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласына тиесілі аумақта құрғақ шөп өртеніп, шаруаларды біршама әбігерге салған еді. Өртті сөндіруге Жезқазған қаласының төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылған. Әрине, тілсіз жаудың кесірінен біраз шығын болған. Әйткенмен, адамдар аман. Өзгесі амандық болса орнына келетін дүние ғой. Осы өртті сөндіруде Жетіқоңыр ауылының тұрғыны Ахметжан ақсақал мен Ғани апайдың төрт ұлы батыл қимылдарымен ерекшеленіпті. Мұхит, Бауыржан, Көшербай және Елжан есімді азаматтар айналаны көк түтін қаптап, қызыл жалын шарпыған шақта, жауға қарсы шапқан батырдың кейпіне еніп, тілсіз жаудың бетін қайтарған.
«Біз штатта тіркелмеген өрт сөндірушілерміз ғой. Көрініп тұрған өртті сөндірмей, отыра беруге дәтіміз шыдамайды. Қандай бір жағдайда болса да, іске ең бірінші көрінген кедергі мен тосқауылды жақсылап зерттеп алған соң, бір-ақ кірісеміз. Асығып-аптығуға болмайды. Әйтпесе, еңбек зая кетеді. Кешегі өрт кезінде де, оның бағыты мен күшін анықтап алған соң, «МТЗ» тракторына, «КамАЗ» жүк көлігіне ауыр блоктарды сүйретпе ретінде тіркеп алып, өрттің алдын 300 метрден орап, екі-үш қайыра жүргізіп алдық. Ал, шаңы шығып, шөбі тапталған жерге өрт келіп амалсыздан тоқтайды. Әр ісіңе сақтықпен қарап отыру қажет. Өрттен шыққан түтіннің қою болғаны соншалық, бір-бірімізді көруден де қалдық.
Екі жақтан өрттің алдын ұрып келе жатқанда, тракторымыз бен көлігіміз соқтығысып қала жаздады. Абырой болғанда, тез аңғарып қалып, соқтығысудың алдын алдық. Жел де қатты болып, от лезде алдыңды орап кететіндей жағдайлар да болды. Ондай кезде, амалсыз оттың үстімен жүруге тура келді. Солай жасағанда ғана беті қайтады. Артынша қайыра келіп үстінен және жүріп өткенде, от бықсып, ал, соны күтіп тұрған жаяу жігіттер бықсыған шоқты «хлопушкамен» ұрғылап отырып, лезде өшіріп тастайды. Біздің өрт сөндіру тәсіліміз осындай. Су іздеп әуре-сарсаңға түспейміз», – дейді Ахметжан ақсақалдың ортаншы ұлы Бауыржан.
Ал, үйдің үлкені Мұхиттың айтуынша, олар жастайынан әкелерін үлгі тұтып өскен екен. Ахметжан ақсақал ұлдарын атаның емес адамның ұлы етіп тәрбиелепті. Балаларын кішкене күнінен бастап еңбекке баулып, үнемі ширатып отырған екен.
Енді, міне, бүгін соның жемісін көріп отыр. Нағыз қанға сіңген қазақы тәрбие деген осындай болса керек…