Батыл бетбұрыстар бастамасы
Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауын батыл бетбұрыстар бастамасы деп бағамдауға толыққанды негіз бар. Бұл бастамалар – тарихи реформаларды өз басынан өткеру кезеңінде тұрған елдің тәуекелшіл қадамдарға ниет қойғанының дау тудырмас айғағы.
Бүгінгі әлем саяси шиеленіске толы екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Жолдау алуан сипатты қауіп-қатерге қарсы тұру әрекеттерін айқындауымен ерекшеленеді. Әділетті Қазақстан құру тәсілдерін «жіліктей» талдап берген Президент Жолдауында елдің экономикалық мүмкіндіктеріне айрықша назар аударылып, қимыл-қарекеттер бағдары нақтыланды.
Ұлттық қор түсімінің 50 процентін 2024 жылдан бастап 18 жасқа толмағандардың есеп-шотына аудару талабы, әйелдердің зейнет демалысына 61 жастан шығуы – әлеуметтік әділеттіліктің үстемдік құратынының көрінісі.
Сот жүйесі мен құқық қорғау, ауыл шаруашылығы және өзге де салаларда жүргізілетін тың реформалар Қазақстанның өркендеу бағытындағы дара даңғылы болмақшы.
Мемлекет басшысының өкілеттілігін 7 жылға ұзартып, қайта сайлануына шектеу қою бастамасын билікті монополиялау үрдісін ретке келтіру тетігі деп бағамдау керек. Президент сайлауын, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі ұсынысы – бұқара қауым күткен саяси реформалардың бастапқы қадамы.
Жаңғыру жолына түсудің оңтайлы тәсілдерін көрсетіп берген Жолдау мемлекеттік құрылымдарға ғана емес, әр саналы азаматқа салмақты жауапкершілік жүктері анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осыншалықты ауқымды міндеттерді Ұлттық деңгейдегі жауапкершілік санай отырып, өз басы үшін Отанның дамуы мен игілігінен асқан құндылық жоқ екенін айрықша атап айтты. Бұл – үлгі тұтар ұстаным.
Жаңғыру мен жаңаруды мақсат тұтқан Қазақстанның қапысыз кемелденуі – қалың елдің тілегі. Ендеше, барша қауым болып ымыра-бірлікке ден қою, келер күндердің жарқын болуы жолында тынымсыз тірлік ету – әркімнің бұлжымас мақсаты болуы тиіс. Асыл мұраттарға сонда ғана жетеріміз күмәнсіз.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ