БАСЫ – ТӘТТІ, АЯҒЫ – ҚАТТЫ Ұлытау облысында 6065 адам диабетпен есепте тұр
Жасын да, кәрісін де шыр айналдырған эндокриндік аурулардың бірі – қант диабеті. Бұл дертке шалдыққандардың ағзасында қант жазушыларға сіңбей, қанның құрамында қалып қояды. Соның салдарынан жүйке мен органдардың жұмысы бұзылады. Алғашында себебін тұқымқуалаушылықпен байланыстырған дерт бүгінде дәрігерлердің пайымдауынша, артық салмақтан, жүректің ишемиялық ауруынан, күретамыр гипертониясынан пайда болады екен. Салауатты өмір салтын ұстанбау, дұрыс тамақтанбау және үнемі стрестік жағдайда жүру де – ауруға апаратын бірден-бір жол.
Сусамырға шалдыққандар дұрыс тамақтанса, белсенді өмір салтын ұстанса, дәрігердің бақылауында болса, олардың өміріне еш қауіп жоқ. Алайда, диетаны ұзақ уақыт сақтамай, алкогольдік ішімдік ішу, тәтті тағамдарды жеу дертті асқындыруға, оның ішінде соқырлыққа, инсультке тіпті мүгедектікке алып келуі бек мүмкін. Көп жағдайда диабет адамның аяғынан шалады. Әдетте жүйкенің зақымдануынан науқастың аяқтарына шаншу қадалып, ауырсынады, сезімталдығы жоғалады. Бара-бар аталған белгілер диабеттік аяқ синдромына ұласады. Пайда болған ойық жараларды дер кезінде емдемеудің соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.
–Диабетпен өмір сүріп жатқаныма 17 жыл болды. Жұмыста жүріп бабым болмады-ау, ауруды асқындырып алдым. Бір жылдың ішінде екі рет пышаққа іліктім. Бірінші рет ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілсем, бұл жолы жоспарлы түрде ота үстеліне жаттым. Ауруханадағы күтім мен дәрігерлердің жылы қарым-қатынасы арқасында қазір жағдайым жақсы, – деген Еренғалы Аманов аудан тұрғындарының сеніміне ие болған Нұрмұхаммед Серікұлына шексіз ризашылығын жеткізуді сұрады.
Алдына келген науқастың өмірі үшін күн-түн демей күресуге даяр бұл хирургтің есімі бүгінде халық арасына кеңінен тараған. Қарапайымдылығымен, өз ісіне адалдығымен жүректерден орын алған Дәрігер күнделікті талайды ажалдан арашалап, ерлік жасап жүрген жайы бар. Оққа ұшып, жол апатынан зардап шеккендерді аяққа тұрғызып қана қоймай, тері трансплантациясы отасын сәтті өткізіп жүрген Нұрмұхаммед Байжанов «ауылдық жерде білікті мамандар жоқ» деген пікірді жоққа шығарса керек…
Тақырыпқа оралатын болсақ, қант диабеті әлеуметтік маңызды ауруларға жататындықтан кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде қаржыландырылады. Диабетке шалдыққан пациенттерге 23 түрлі дәрі мен 7 түрлі медициналық бұйым беріледі. Оның ішінде шприц, тест-жолақша, глюкометр, инсулин помпалары мен 22 түрлі инсулин де бар.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлытау облысында қант диабетімен 6065 пациент, оның ішінде 18 жасқа толмаған 73 бала есепке алынған.
Диана ОРАЗАЛИНА.