Бас жүлде – ұлытаулық ұланда
Кеше Ұлытауға сүйіншілеген хабар жетті. «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің 40 жылдығы аясында «Қобыз сарыны» атты онлайн форматта өткен республикалық қылқобызшылардың фестивалінде ұлттық өнердің биік үлгісін көрсеткен Аманкелді клуб үйінің меңгерушісі Аян МҰҢАЙТПАС Гран-приді қанжығалап, ел мерейін асқақтатты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын арқау еткен «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінің 40 жылдығы аясында «Қобыз сарыны» республикалық қылқобызшылардың фестивалін Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы әкімдігі ұйымдастырған екен.
Аталмыш марапат – ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген жас қобызшы Аянға берілген – лайықты сыйлық. Ол — студент кезінен қылқобызды жанына серік етіп, Қорқыт күйлерін жаңаша бағытта жаңғыртып жүрген өнерпаздың бірі. Қорқыттың қылқобызын бебеулеткен талантты жасқа асар асуың көп болсын демекпіз.
Бәсекеде есе жібермей, жеңіске жеткен биігің құтты болсын, Аян!
Қайрат ЖҰМАБАЙ