Бас жүлде – «Ұлытау» газетінде

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауы негізінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер арасында ұйымдастырылған «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысында Ұлытау аудандық «Ұлытау» газеті Бас жүлде иегері атанды.

Ассамблея этножурналистика саласында жыл сайын ұйымдастыруды жолға қойған байқау уақыт санап қанатын кеңге жайып келеді. Соған орай, мазмұны байып, қатысушылар қатары да арта түсуде. Аталмыш байқау еліміздің ширек ғасырлық шежіресін құрайтын шырайлы шараларды, оның ішінде, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, біртұтас Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерінің озық үлгілерін, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейте түсуді мақсат тұтады. Тиісінше, осынау құндылықтарды насихаттап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер қауымының үздік жарияланымдарына назар аударып, ұстанымы белсенді журналистерді ынталандыруды көздейді.

Биылғы жылы байқауға облыс бойынша 20-ға жуық үміткер өтінім жіберген екен. Халықаралық деңгейдегі журналист Сағат Батырханова, публицист, ардагер журналист Екатерина Кузнецова, ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасындағы Литва Республикасының Құрметті консулы, «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварионас, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садыханов және Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы қазылық еткен байқау нәтижесінде Бас жүлдеге «Ұлытау» газеті лайықты деп танылды.

Сонымен қатар, жеке номинациялар бойынша төмендегі бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер жеңімпаздар қатарынан бой көрсетті.

– «Үздік талдамалық газет мақаласы» – Айтбала Сүлейменқызы;

– «Үздік телебағдарлама» (сюжет, деректі фильм, бағдарлама) — Виталий Несіпбаев;

– «Ақпараттық порталдағы үздік жарияланым» – «Лайф 09»;

– «Қоғамдағы келісім мен тұрақтылық» – Наталья Фомина;

– «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейту» – Райхан Сайранбек;

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыттарын дәріптеу» – Бақытгүл Матуова;

– «ҚХА «Қазақтану» жобасын насихаттау, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, мәдениетін, тарихын этнос өкілдері арасында кеңінен таныту» – Жанбота Рахметолла;

– «Қайырымдылық тақырыбындағы үздік материал» – Людмила Батюшкина;

– «Медиация – бітімгершілік негізі» – Айдар Дәуренұлы;

– «Алаш арыстарының есімін ұлықтау» – Жәлел Шалқар.

Бұдан тысқары, әлеуметтік желілерде жарияланған үздік жазбалары үшін Вилен Молотов-Лучанский, Александр Урмашов және Оксана Жук Этно БАҚ номинациясы жүлдесін иеленді.

Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ