БАС ҚАҚПА Ұлытаудың ажарын аша түсті
Ұлытау ауданының орталығы тағы да бір тартымды нысанмен толығып, ауыл бұрынғыдан да ажарлы бола түсті. Енді Ұлт ұясына сырт аумақтардан атбасын бұрған меймандар мен ауылдан қалаға аттанған жолаушыларды әдемі безендірілген еңселі кіреберіс қақпа «қарсы алып», «шығарып салып» тұратын болады. Жаңа нысанның тұсаукесеріне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ және аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Берік Әбдіғалиұлы мен Абзал Нүкенұлы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жергілікті тұрғындарды көрікті нысанның іске қосылу қуанышымен ақжарыла құттықтады.
Жалпы жұртшылық пен аға буын өкілдерінің атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков ұлт бесігінде ілкімді істердің іркіліссіз іске асырылып жатқанын тілге тиек етіп, ұтымдылыққа ұйтқы бола білген облыс және аудан басшыларына алғысын жеткізді.
Бас қақпаның лентасы салтанатты жағдайда қиылып, қазақы дәстүрмен шашу шашылды.
Қақпаның биіктігі – 11 метр, жалпы ені 28,6 метрді құрайды. Іргетасы мығым нысанның, негізгі құрылғысы темір конструкциямен құрастырылып, тиісінше, сапалы материалмен қапталған. Ұлттық ою-өрнекпен айшықталған келбет-бітімі көрген көзді қуантады. Оның кіреберіс маңдайшасына «Ұлытау», ал шығаберісіне «Ұлытау – Ұлт ұясы» деген сөздер жазылған.
Жаңа нысанның құрылысын осы өңірдің тумасы, есімі елге жомарттығымен танымал кәсіпкер Марғұлан Молдашев өз қаражаты есебінен салып шықты.
Жасұлан АЯШЕВ