Барлық жағдай жасалуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ білім беру сапасын арттыруға басым бағыттар беріп отыр. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екенін алға тартқан Президент əрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін қадап тапсырды. Əсіресе, ауыл жəне қала мектептерінің айырмашылығын азайту уақыт талабы екенін де айтты.
Материалдық база нығайтылуда
Міне, осы бағытта Ұлытау ауданының білім бөлімінде ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Мəселен, 2023-2024 жылдарға арналған жаңа оқу жылында аудандық білім бөліміне қарасты мектептердің материалдық базасы едəуір жаңғыртылды. Облыстық бюджет есебінен Борсеңгір ауылы мен Ақтас кентіндегі мектептерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аманкелді ауылындағы орта мектебіне жаңадан модульдік жылу беру қазандығы орнатылды. Жезді мектепинтернаты мен Егінді мектептерінің ауласына жаңадан спорт алаңы салынды. Сондай-ақ, аудан бойынша бірнеше мектептер жаңа 22 модификациялық (физика, химия, биология, STEM лаборатория, робототехника, технология) кабинеттерімен жабдықталып отыр.
Бұл үрдіс алдағы уақытта ауданның басқа да мектептерінде жалғасын табатын болады.
Жаңа көліктер беріледі
Ұлытау ауданы облысымыздағы көлемі жағынан үлкен, орналасу жағынан шашыраңқы жəне орталықтан шалғай жатқан елді мекендері көп аудан. Бұл жағдайлар əсіресе білім беру саласында көптеген қиындықтарды туындатып та жатады. Атап айтар болсақ, облыс, аудан, қала орталықтарында өтетін түрлі мəдени, спорттық шараларға оқушыларды уақытылы əкелу қиынға түседі. Бірінші мəселе жолдың шалғайлығы. Екінші мəселе арнайы көліктің жоқтығы.
Осы, мəселе биыл өз шешімін тапты. Күні кеше ауданға «ГАЗель» автокөлігінің базасындағы жүк жəне жолаушы тасымалдауға арналған 5 дана «Соболь» шағын автобусы əкелінді.
– Бір көліктің құны – 13 млн. теңге тұрады. Қаржы облыстық бюджеттен берілді. Алдағы аптада көліктер аудан мектептеріне бөлінетін болады. Қазір қай мектептерге беретінімізді саралап, сараптап жатырмыз.
Негізі бұл көліктер мектеп оқушыларын түрлі іс-шараларға апаруға, мектепке қажетті заттарды тасуға алынған. Жолаушыға арналған 6 орын жəне зат салатын бөлек орны бар, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов.
Ізбасар ОЙБАС.