Барлық бала бақытты болу үшін жаралған

Балалар – біздің болашағымыз. Бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы. Балалар – мейірім тотемі. Осы себепті, олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз арта түседі.

Міне, 71 жылдан бері жаздың алғашқы күнін көптеген мемлекеттерде Халықаралық балаларды қорғау күнімен бастайды. Бұл күн демалыс күніне сәйкес келмей қалса да, нағыз мерекеге айналады. Демалыс орындары, кинозалдар мен театрлар балалармен толып кетеді. Барлық жақсы нәрсе тек, соларға арналады.

Атаулы күннің тарихына қысқаша тоқталсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының конгресі өтеді. Онда балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Көптеген балалар қараусыз қалып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді.

1950 жылдан бастап, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өте бастады.

1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылдайды. Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді. Мерекенің басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуіне аудару және өз елінің толық және бейбіт ғұмыр кешетін азаматы ретінде өсуіне қол жеткізу.