Бар бағытта бақылау күшейеді – Дастан Рыспеков
Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте оқу жылының аяқталуы, білім беру ұйымдары инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері көтерілді.
Өңір басшысы осы аптада келе жатқан мектеп бітіру кештерін облыс деңгейінде бақылауға алуды қатаң тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, қауіпсіздік — алғашқы орында. Сол себепті мектеп форматынан тыс өтетін іс-шараларға полиция департаменті, ата-аналар, мұғалімдер тікелей атсалысуы тиіс, оған қоса, ұлттық бірыңғай тестілеу де жоғары деңгейдегі дайындықпен өтуі қажет.
Облыс әкімі білім беру нысандарына жөндеу жүргізуде бюджет тиімділігіне назар қоюды ескертті, яғни, нысан қуаттылығы мен қаражат шығыны сәйкес болуы қажет. Оған қоса, өңір басшысы білім беру нысандарын салу, мектепке дейінгі ұйымдар ісін жүргізуге жеке кәсіпкерлерді тарту ісін тоқтатпауды ескертті.
Жиында облыс әкімі шағын бизнестен бөлек, шағын өндірістерді де дамытуға назар аударуды жеткізді. Бұл тұрғыда тиісті іс-шаралар жоспарын ұсыну қажеттігін айтты. Сонымен қатар, көп жылдан бері, қараусыз қалған бұрынғы тігін фабрикасының ғимаратына шұғыл арада техникалық зерттеу жүргізіп, жөндеу жұмыстарын жасап, «Ұлытау» ӘКК арқылы кәсіпкерлерге орындар беруді тапсырды.