Баланың тілі кеш шықса…

Бүгінгі қоғамда бауыр еті баласының тәтті қылығымен бірге былдырын естуді армандаған ата-ана аз еместігі жасырын емес. «Бүгін-ертең шығып қалар» деген үмітпен уақыт жоғалтып жүргендерге Сәтбаев қаласының тұрғыны Жансая Қияқбаеваның айтары бар. Ол қазір немересі Жанайымды Жезқазғандағы «АураМед» орталығында логопед мамандарының  оңалту бағдарламасынан өткізіп жатыр.

– Немерем сөйлем құрап,  өз ойын еркін жеткізе алмағандықтан мамандар көмегіне жүгіну керек деп шештік. Дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында Жанайымым осы күні «ақ әжем, сені қатты жақсы көремін» деп анық айта алатын деңгейде жетті, – деп  қуанышын жасыра алмаған әженің ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз.

– Орталықта немереме кешенді медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Логопед пен дефектологтың қабылдауымен қатар Жанайым массаж, эрготерапия, физио мен емдік дене шынықтыру кабинеттеріне де құлшыныспен барады.  Мұндағы қызмет көрсету сапасы мен ұжымның пациенттерге деген көзқарасында мін жоқ, – деген Жансая Жолдыбайқызы ата-аналарды  бала тәрбиесіне баса назар аударып, уақыт оздырмай мамандардан кеңес алуға шақырады.

«Ұл мен қыздың қызығы тілі анық шыққанша» деп бабаларымыз жырламақшы,   үш жасқа толған бала анық сөйлемесе әрбір ата-ана дабыл қағып, логопедке асығуы қажеттігін еске саламыз.

«АураМед»  балаларды оңалту орталығында 2023 жылдың басынан тілі кеш шыққан 22 бала ем-дом қабылдап, тілін жаттықтыруда.

«АураМед» ЖШС-ден медициналық оңалтудан өту үшін пациенттер жолдаманы учаскелік дәрігерге жүгінген кезде тіркелген жері бойынша емханада, сондай-ақ Оңалту орталығында да ала алады. Құжаттар толық дайын болғанда, учаскелік дәрігер пациентті жоспарлы түрде күндізгі стационарға «емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы ресімдейді. Әрі қарай Оңалту орталығы күндізгі стационарға жатқызу күнін растайды. Қабылдау күні пациент және оны күтіп-қарайтын адам Оңалту орталығына қажетті талдаулармен және құжаттар тізбесімен келеді, орталық әкімшісінде тіркеуден өтеді.

Өз тілшімізден