Балалар шеруі өтеді
«Балалар жылымен» тұспа-тұс келген Халықаралық балаларды қорғау күні биыл ұлт ұясы – Ұлытауда ерекше жағдайда аталып өтпек. Осы мерекеге орай ауданда тұңғыш рет балалар шеруін өткізу жоспарланып отыр. Оған 500-дей бала қатысады деп күтілуде. Мереке қарсаңында біз аудандық білім бөлімінің əдіскері Данагүл АЛШЫМБАЕВАҒА хабарласып, мерекелік шаралардың жөн-жобасы жөнінде кеңінен білген едік.
Балалардың биылғы мерекесі ауданымызда «Бақытты балалар бейбіт елдің тірегі» деген тақырыппен өтетін болады. Ол бірнеше блоктарға бөлінген. Сол блоктарға сəйкес аудан орталығындағы алаңда əдеттегідей думанды концерттер жəне байқаулар ұйымдастырылады.
– 1 маусым жұмыс күні – сəрсенбіге келіп тұр. Дейтұрғанмен, аудан тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күні кең ауқымды бағдарлама ұсынып отырмыз. Соның ең бастысы – 478 оқушы қатысатын балалар шеруі болмақ. Ауданымызда тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл шара балалар мен олардың ата-аналарын жəне аудан қонақтарын бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз. Балалар шеруі балалар мерекесінің думанын қыздыратын болады. Шеру аудан орталығындағы «Жазғы эстрадада» өтеді, – дейді білім бөлімінің əдіскері.
Данагүл Байзаққызының айтуынша, шеруді Қазақстанның туын, ЮНЕСКО-ның туын жəне Балалар жылының туын көтерген оқушылар бастап, олардың соңынан барабаншылар жүріп өтеді. Екінші топта «Өркен» балалар бақшасының бүлдіршіндері, үшінші топта домбырашылар ансамблі жүріп, олардың соңын хореографиялық би ансамблінің балғын бишілер жалғайды. Бұдан кейінгі кезек аудан мектептерінің озаттары мен үздік спортшыларына берілген.
Шеруде ауданның əр мектептерінен келген 1-10 сынып оқушылары жас сарбаздардай сап түзеп өтеді. Балалар шеруін велосипедшілер тобы түйіндейді.
– Осы шара аясында аудан мектептерінің озат оқушыларын марапаттау да өткізіледі. Оның соңы концерттік бағдарламаға ұласады. Осылайша «Балалар жылындағы» балаларды қорғау күнінің қызықты, əрі есте қаларлықтай болуы үшін қолдан келгеннің бəрін жасаймыз, – дейді Данагүл Алшымбаева.
Білім бөлімінің əдіскері айтса айтқанындай, бұл күнгі іс-шаралар ауқымды болмақ. «Хандар алаңының» алдына оқушылар үйінің тəрбиеленушілері қатысатын асфальтта сурет салу ұйымдастырылады. Ал, алаңның екінші басында оқушылардың қолымен жасалынған ең үздік деген қолөнер бұйымдарының көрмесі өткізіледі. Бұл күні əр-түрлі спортық ойындар мен сауда-саттыққа да кең орын беріледі. Мереке əдеттегідей балаларға балмұздақ таратумен аяқталмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ